АЛҒЫС АЙТУ КҮНІНЕ ОРАЙ МЕРЕКЕЛІК КЕШ ӨТТІ
1 наурыз - «Алғыс айту» күні қарсаңында «Руханият орталығында» Сырдария аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің ұйымдастыруымен білім саласында қызмет етіп келе жатқан кіші буын қызметкерлері, медбике, техникалық қызметкерлер және іс-жүргізуші болып еңбек ететін жандарды құттықтау кеші өтті.
Іс-шараға аудандық білім бөліміне қарасты мектептердің, балабақшалардың және өнер мектебінің кіші буын өкілдері мен басқа да қызметкерлері қатысты. Шалғай ауылдан келген мамандарға алдымен аудандық музейдің жаңа ғимараттағы жаңа келбеті таныстырылды. Кеш қонақтарына музей қызметкерлері әр жәдігердің тарихын айтып, құнды ақпаратпен бөлісті. Музейдің жаңа көрінісі келушілердің таңданысы мен қызығушылығын ашып, әр тарихи жәдігердің бейнесіне ерекше назар аударып, зер салды. Әрі қарай құттықтау кешін аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып пен білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы Алмас Есназар ашып, қызметкерлерді айтулы мерекемен құттықтады.
Білім саласында еңбек етіп келе жатқан кеш қонақтарына арнайы «Құттықтау» құрмет грамотасы мен сый-сияпат табысталды. Білім саласында елеулі еңбек етіп жүрген әр жанның бейнесіне күлкі үйіріліп, қуаныштың лебі сезілді. Іс-шара соңында аудандық өнер мектебінің өнерпаздары кеш қонақтары үшін күмбірлете күй ойнап, ән шырқап, ерекше көңіл-күй сыйлады.
Қызылорда облыстық ұйымы