МЕРГЕН АРУ АТАНДЫ
Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Ақтөбеде Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының қолдауымен әйелдер арасында ауа мылтығымен нысана атудан аудандық «Мерген ару – 2026» жарысы өткізілді. Шараның мақсаты – білім саласында еңбек етіп жүрген әйелдердің спортқа деген қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және әріптестер арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Аталған жарысқа аудан мектептерінен құралған 10 команда қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылар мергендік шеберліктерін көрсетіп, дәлдік пен сабырлықты талап ететін тартысты сайыста өз мүмкіндіктерін ортаға салды.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Ақкемер жалпы білім беретін орта мектебінің командасы иеленді. ІІ орын Ембі қалалық мектеп жанындағы интернаты бар №7 жалпы білім беретін орта мектебінің командасына бұйырды. Ал ІІІ орынды Жаңажол жалпы білім беретін орта мектебінің командасы жеңіп алды.
Сонымен қатар жарыста ерекше мергендігімен көзге түскен Жаңажол жалпы білім беретін орта мектебінің мұғалімі Дамира Еркінова «Мерген ару» номинациясына ие болды.
Жүлдегер командалар аудандық кәсіподақ ұйымының бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
-
Фотографии
-