ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұстаз – шәкірт үшін адамгершіліктің биік үлгісі. Осындай абыройлы жолды таңдаған, саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздардың бірі – химия пәнінің мұғалімі Жандоңғарова Алмагүл Серікқызы.
Алмагүл Жандоңғарова — 1970 жылы 11 сәуірде Ақтөбе облысы Шалқар қаласында дүниеге келген. 1988 жылы Атырау педагогикалық институтына түсіп, 1993 жылы химия және биология пәндерінің мұғалімі мамандығын тәмамдады. Сол жылы еңбек жолын №6 жалпы орта білім беретін мектепте химия, биология пәндерінің мұғалімі болып бастап, бүгінгі күнге дейін осы білім ордасында абыроймен қызмет етіп келеді.
2019 жылдың наурызынан 2024 жылдың қыркүйегіне дейін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Педагог-зерттеуші санатындағы ұстаздың педагогикалық еңбек өтілі – 32 жыл. Осы уақыт ішінде ол бірнеше буын шәкіртке білім беріп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, білімді де зерек жастарды тәрбиелеп келеді.
Ұстаз еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2020 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2021 жылы Шалқар ауданы әкімдігінің Алғыс хатын, 2022 жылы «Аманат» партиясының Алғыс хатын иеленді.
Кәсіби жетістіктері де мол. «Үздік педагог олимпиадасы – 2020» республикалық педагогикалық олимпиадасында І орын, «Ең озық педагогикалық идеялар» облыстық байқауында ІІ орын, «Үздік сабақ жоспары» республикалық байқауында І орын және химия пәні мұғалімдері арасындағы облыстық олимпиадада І орын алды.
Ұстаз еңбегінің нәтижесі – шәкірттерінің жетістігі. Оның оқушылары республикалық «Жас дарындар» байқауында І орын, «Ақбота» интеллектуалдық олимпиадасында ІІ орын, «Дарабоз – 2025» IV республикалық олимпиадасында ІІ орын иеленді.
Жандоңғарова Алмагүл Серікқызы – білім мен тәрбиені қатар ұштастырып, шәкірт жүрегіне жол тапқан ұлағатты ұстаз, еңбек адамы.