ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз – ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, болашаққа жол көрсететін қадірлі мамандық иесі. Елдің ертеңі – білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек ететін жандардың бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Рышова Айымгүл Төлегенқызы. Ол Ақтөбе облысы Шалқар қаласындағы №8 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында қызмет атқарады.
Айымгүл Рышова – туған жерінен білім алып, ұстаздық жолды таңдаған жан. Ол 1985 жылдың 6 қазанында Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бозой елді мекенінде көп балалы отбасында дүниеге келген. 1991–2003 жылдары Бозой орта мектебінде білім алды. 2003 жылы Алматы қаласындағы «Қайнар» университетінің Ақтөбе филиалына оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын меңгерді.
Ұстаздың еңбек жолы білім мен тәрбиені қатар ұштастырумен ерекшеленеді. Ол педагогикалық қызметін 2009 жылы Шалқар қаласындағы №8 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында бастап, бүгінгі күнге дейін осы білім ордасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп келеді.
Айымгүл Рышова – педагог-зерттеуші, үнемі ізденісте жүретін жаңашыл ұстаз. Ол кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше мән беріп, заманауи әдіс-тәсілдерді сабақ барысында тиімді қолданады. Ұстаз еңбегі шәкірттерінің жетістіктері арқылы айқын көрінеді.
Ұстаздың еңбегі түрлі деңгейдегі марапаттармен бағаланған. Ол республикалық «Шебер педагог» олимпиадасының І орын иегері (2024), республикалық «Үздік ашық сабақ» байқауының ІІІ орын жүлдегері (2023), облыстық педагогикалық олимпиаданың І және ІІ орын жүлдегері (2023), республикалық «Үздік педагог – 2024» қашықтық олимпиадасының І орын иегері атанған. Сонымен қатар шәкірттері де республикалық, облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді. Ұстаз «Мәртебелі педагог» төсбелгісімен марапатталған.
Ұжымда беделді ұстаз – шәкірт жүрегінен орын алған тұлға. 2012 жылдан бастап мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің жетекшісі ретінде әріптестеріне әдістемелік қолдау көрсетіп келеді.
Рышова Айымгүл Төлегенқызы – өз ісіне адал, шәкірт тәрбиесіне бар күш-жігерін арнаған ұстаз. Білімі мен тәжірибесін жас ұрпаққа арнап жүрген ол – ұжымда сыйлы, оқушылардың құрметіне бөленген, еңбегімен танылған білікті педагог.