ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұстаздық – үлкен жүректі, шыдамдылық пен жауапкершілікті талап ететін қасиетті мамандық. Осы жауапты жолда шәкірттердің саналы азамат болып қалыптасуына үлес қосып жүрген байғаниндік ұстаздардың бірі – Бермағанбетова Қамажай Жайлыбайқызы. Ол – саналы ғұмырын білім мен тәрбиеге арнаған ұлағатты ұстаз, педагог-зерттеуші және еңбек адамы.
Бермағанбетова Қамажай Жайлыбайқызы — 1964 жылы 12 желтоқсанда Ақтөбе облысы Байғанин ауданында дүниеге келген. 1970–1981 жылдары Байғанин ауданындағы Қарауылкелді орта мектебінде білім алды. 1982–1987 жылдары Гурьев педагогикалық институтында оқып, жоғары білім алды.
Еңбек жолын Жем орта мектебінде тарих және құқық пәндерінің мұғалімі ретінде бастады. Сол уақыттан бері жас ұрпаққа тарих, құқық және қоғамтану пәндерінен білім беріп келеді. Ұстаздық жолында өз ісіне жауапкершілікпен қарап, көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Шәкірттері аудандық, облыстық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында жүлделі орындарға ие болып жүр.
Ұстаз туған елінің тарихын өскелең ұрпаққа насихаттап, олардың бойында отансүйгіштік пен патриоттық сезімді қалыптастыруға ерекше үлес қосып келеді. Сонымен қатар бірнеше жылдан бері «Жем-Сағыз» газетінің тұрақты тілшісі болып, ауыл мен мектеп өміріндегі маңызды шараларды баспасөз беттерінде жариялап жүр.
Шығармашыл ұстаз мектеп жанындағы «Өлке тарихына саяхат» мұражай үйірмесінің жетекшісі. Ол шәкірттерімен бірге туған жер, өлке және мектеп тарихын зерттеп, мұражай қорын құнды жәдігерлермен толықтыруға зор үлес қосып келеді.
Ұстаз еңбегінің жемісі – оның шәкірттері. Бүгінде олардың арасында тарих пәнінің мұғалімдері мен заң саласында қызмет етіп жүрген мамандар бар. Олар ел дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Бермағанбетова Қамажай Жайлыбайқызы әріптестері арасында да үлкен құрметке ие. Көп жылғы адал еңбегі мен шәкірттеріне деген сүйіспеншілігі жас ұстаздарға әрдайым үлгі болып қала береді.