СПОРТ АЛАҢЫНДА - ҰСТАЗДАР
Ақтөбеде Ырғыз аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының бастамасымен кәсіподақ мүшелері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, әріптестер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында волейбол және кіші футболдан аудандық жарыс ұйымдастырылды.
Аталған спорттық шараға ауданның білім беру ұйымдарынан құралған командалар белсенді қатысып, өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті. Волейболдан 12 команда, ал кіші футболдан да 12 команда бақ сынады. Қатысушылар жоғары дайындық деңгейін танытып, көрермендерге әсерлі әрі қызықты ойын сыйлады.
Волейбол сайысының қорытындысы бойынша І орынды №1 мектеп командасы жеңіп алды. ІІ орынды Ы.Алтынсарин атындағы мектеп иеленсе, ІІІ орын Аманкөл мектебіне бұйырды.
Ал кіші футболдан өткен жарыста І орынды «Аула клубы» командасы жеңіп алса, ІІ орынды Ы.Алтынсарин атындағы мектеп командасы еншіледі. ІІІ орын Аманкөл мектебіне табысталды.
Жарыс барысында жекелеген ойыншылардың шеберлігі де ерекше атап өтілді. Волейболдан «Үздік шабуылшы» номинациясы Жандос Мейрамбайұлына берілсе, «Ардагер спортшы» атағына Фазылбек Тұрмағанбетов лайық деп танылды. Ал кіші футболдан «Үздік ойыншы» аталымын Марат Әбілов иеленіп, «Үздік қақпашы» номинациясы Әділжан Жаналинге табысталды.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар, ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
-
Фотографии
-