ЖАРЫС АЛАҢЫНДА – КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ
Ақтөбеде Ойыл аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының жанынан құрылған Жастар кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған “Ұлттық ойын - ұлт қазынасы” тақырыбындағы сайыс жас мамандар мен жас кәсіподақ мүшелерінің басын қосып, ұлттық рухты жаңғыртуға жол ашты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық ойындарды кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың салт-дәстүрге деген құрметін арттыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру болды. Ұйымдастырушылар бұл арқылы тек жарыс ұйымдастырып қана қоймай, ұлттық тәрбиені дәріптеуді көздеді.
Дода барысында қатысушылар қазақтың көнеден келе жатқан ұлттық ойын түрлері бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, асық ату, ләңгі тебу, гір тасын көтеру, қол күрес және бес асық ойындары жастардың ептілігі мен шапшаңдығын, күш-қуаты мен шеберлігін айқындады. Әрбір қатысушы өз мүмкіндігін барынша көрсетіп, тартысты әрі қызықты бәсеке өрбіді.
Жарыс барысында жастар тек жеке қабілеттерін ғана емес, ұйымшылдық пен белсенділіктің де үлгісін көрсетті.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орын иегерлері мен белсенді қатысушылар аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының бірлескен марапаттарына ие болып, арнайы алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Aйта кетейік, аталған шара тек жарыс алаңы ғана емес, ұлттық рухты жаңғыртып, салт-дәстүр мен тәрбиені сабақтастырған тағылымды бастама болды.