КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ КӨКТЕМГІ ДЕМАЛЫСТА
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы сала мамандарына жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыруда. Соның бір айқын дәлелі – білім беру саласында табанды еңбек етіп жүрген қызметкерлерді сауықтыру орталықтарымен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстар.
Бұл бастаманың негізгі мақсаты – сала қызметкерлерінің денсаулығын нығайту, олардың демалысын тиімді ұйымдастыру және шипажайлық емдеу мүмкіндіктерімен кеңінен таныстыру. Ұстаздардың тынымсыз еңбегі мен жауапкершілігі жоғары қызметі олардың денсаулығына ерекше көңіл бөлуді талап ететіні белгілі. Осыны ескерген кәсіподақ ұйымы тоқсан сайын сауықтыру шараларын ұйымдастырып келеді.
Кәсіподақ мүшелері Сарыағаш өңіріндегі «Ердәулет» шипажайында ем алып, тынығуда. Табиғаты көркем, шипалы суымен танымал бұл аймақ демалушыларға ерекше әсер сыйлап, олардың күш-қуатын қалпына келтіруге зор ықпал етуде.
Аталған шипажай түрлі аурулардың алдын алу мен емдеуге бағытталған кешенді қызметімен ерекшеленеді. Мұнда асқазан-ішек жолдары аурулары, созылмалы өт жолдары сырқаттары, өт қалтасы мен өт жолдарындағы тас, созылмалы колит пен энтероколит сынды дерттерді емдеуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар демалушылар емдік ванналар қабылдап, массаж, ингаляциялық ем алу арқылы денсаулықтарын нығайтады. Буын ауруларының алдын алуға арналған арнайы ем-домдар мен кешенді терапиялық бағдарламалар да қарастырылған.
Мұндай шаралар тек денсаулықты жақсартумен шектелмей, қызметкерлердің рухани серпіліс алуына мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, кәсіподақ ұйымының білім қызметкерлеріне деген қамқорлығы алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
-
Фотографии
-