ПАНФИЛОВ АУДАНЫНДА СПАРТАКИАДА ӨТТІ.
Ағымдағы жылдың 26-27 наурыз күндері «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Панфилов аудандық филиалы ұйымдастырған дәстүрлі ХХІХ спартакиадасы өтті.
Спорттық шараның салтанатты ашылуы Жамбыл атындағы орта мектебінде ұйымдастырылды. Ашылу рәсімінде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Д.Аманжолов қатысушыларды сапқа тұрғызды. Панфилов аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы М.Тұрлыбеков жиналған ұстаздарды мерекемен құттықтап, жарыстың мәні мен маңызын айрықша атап өтті. Сондай-ақ қатысушы командаларға сәттілік тілеп, спартакиаданы «ашық» деп жариялады.
Қазақстан Республикасының Туы көтеріліп, Әнұраны шырқалды. Жарыстың бас төрешісі Х.Бөгенбаев жарыстың ережелері мен екі күнге жоспарланған бағдарламасын кеңінен таныстырды.Спартакиаданың іріктеу кезеңіне ауданның барлық білім беру ұйымдары қатысып, үздік шыққан 31 команда финалдық кезеңде бақ сынады. Екі күнге созылған тартысты додада қатысушылар өзара мықтыны анықтап, жоғары дайындық пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша волейболдан ерлер арасында А.Розыбакиев атындағы орта мектеп жеңімпаз атанып, Сатай батыр және Қожбанбет би атындағы орта мектептер жүлделі орындарды өзара бөлісті.Әйелдер арасында өткен волейбол сайысында Д.Рақышев атындағы орта мектеп топ жарса, Нағарашы және Абай атындағы орта мектептер жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Шахмат бәсекесінде А.Розыбакиев атындағы орта мектеп оза шауып, Н.Крупская және Ш.Уалиханов атындағы білім ордалары келесі орындарды иеленді.
Тоғызқұмалақтан Жамбыл атындағы орта мектеп жеңіс тұғырынан көрінсе, Е.Сыпатаев және Б.Назым атындағы орта мектептер жүлделі орындарға тұрақтады.
Үстел теннисінен Үлкеншыған орта мектебі үздік атанса, Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясы мен Е.Сыпатаев атындағы орта мектеп жүлдегер атанды.
Асық атудан (ұлдар) Садыр орта мектебі жеңіске жетіп, Жамбыл және Әулиеағаш орта мектептері үздік үштікті түйіндеді.
Ал бесасықтан (қыздар) Көктал-Арасан орта мектебі топ жарып, №6 мектеп-интернаты мен Сатай батыр атындағы орта мектеп жүлделі орындарды еншіледі.Жалпы командалық есеп бойынша А.Розыбакиев атындағы орта мектеп І орынды иеленіп, Жамбыл және Е.Сыпатаев атындағы орта мектептер сәйкесінше ІІ және ІІІ орындарға тұрақтады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Панфилов аудандық кәсіподақ филиалының дипломдары, кубоктары және қаржылай сыйлықтарымен марапатталды.
Жетісу облысы, Панфилов аудандық филиалы
-
Фотографии
-