ШАЛҚАРЛЫҚ ҰСТАЗДАРҒА ТАҒЫЛЫМДЫ ДЕМАЛЫС
Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының жыл сайын дәстүрге айналдырған игі бастамаларының бірі – ұстаздар қауымының демалысын тиімді ұйымдастыру. Әсіресе, әр тоқсан сайын жүзеге асырылатын бұл қолдау білім саласы қызметкерлерінің денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың кәсіби белсенділігін арттыруға оң ықпал етіп келеді.
Биыл да көктем мезгілінде кәсіподақ ұйымының ұйытқы болуымен ауданның білім қызметкерлеріне ерекше мүмкіндік жасалды. Атап айтқанда, ұстаздар еліміздің түрлі өңірлеріндегі шипажайларда болып, денсаулықтарын түзеп қайтуға жолдама алды. Олардың бір тобы Алға және Сарыағаш өңірлеріндегі белгілі сауықтыру орталықтарында тынығып, ем қабылдаса, енді бір бөлігі Түркістан өңіріне тарихи-танымдық сапарға аттанды.
Шипажайда демалу – тек тынығу ғана емес, бұл денсаулықты қалпына келтіріп, ағзаны сергітудің тиімді жолы. Ал тарихи орындарға саяхат жасау – рухани байып, ел тарихымен тереңірек танысуға мүмкіндік береді. Түркістан төріндегі киелі мекендерді аралаған ұстаздар қазақ халқының өткені мен бүгінін байланыстыратын маңызды орындарды көріп, ерекше әсерге бөленді.
Жалпы, мұндай демалыстың білім қызметкерлері үшін маңызы зор. Біріншіден, олардың денсаулығын жақсартуға ықпал етеді. Екіншіден, жаңа оқу тоқсанына тың күш, жаңа серпінмен оралуына себеп болады. Үшіншіден, әріптестер арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды нығайтады.
Кәсіподақ ұйымының бұл бастамасы – ұстаздарға деген шынайы қамқорлықтың айқын көрінісі. Демалысқа шыққан кәсіподақ мүшелері ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдіріп, жоғары деңгейде өткен шара үшін алғыстарын жеткізді.
-
Фотографии
-