ШЫҒАРМАШЫЛ МҰҒАЛІМДЕР МАРАПАТТАЛДЫ
Ақтөбеде Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен қосымша білім беру ұйымдары педагогтары арасында «Жаңашыл педагог – табысты нәтиже» тақырыбында аудандық байқау өтті.
Байқауға төрт қосымша білім беру ұйымынан алты педагог қатысты. Мақсат – шығармашылықпен жұмыс істейтін, ой өрісі кең, өзіндік авторлық идеясы бар, шеберлігі жоғары, жан-жақты дамыған тұлғаны анықтау және педагогтар арасында тәжірибе алмасу.
Байқау үш кезең бойынша өткізілді. Бірінші кезеңде қатысушылар өздерін таныстырып, педагогикалық кәсібилігін, әдістемелік мәдениетін, кәсіби ұстанымын және білім беру саласына қосқан үлесін көрсетті. Екінші кезеңде ұстаздар өздерінің авторлық идеялары мен әдістемелік жаңалықтарын таныстырып, оны қосымша білім беру ұйымының кез келген бағытына қолдануға болатынын дәлелдеді. Үшінші кезеңде шеберлік сабақ арқылы қатысушылар өз пәндері бойынша қысқа әрі мазмұнды сабақ көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша көркемсурет лицейінің сурет және сәндік қолданбалы өнер пәні мұғалімі Мира Қожахметова жүлделі бірінші орынды, Аула клубының дене шынықтыру нұсқаушысы Нұрсұлтан Серғалиев екінші орынды, Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы Саз мектебінің вокал класының оқытушысы Камшат Төлегенова үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздар аудандық білім бөлімінің дипломдарымен марапатталды.
Барлық байқауға қатысушыларға аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы тарапынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.
-
Фотографии
-