ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ӨНЕГЕЛІ ҒҰМЫР
Былтырғы Жұмысшы мамандықтар жылында қарапайым еңбек адамдарының қоғамдағы орнын айқындап, мәртебесін көтеруге басымдық берілді. Осы бастама аясында адал еңбегімен көпке үлгі болып жүрген жандардың бірі – Серикбаева Жанат Серікбайқызы.
Жанат Серікбайқызы 26 жылдан бері Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектепте кіші қызметкер болып еңбек етіп келеді. Ол күнделікті мектеп тазалығын сақтау арқылы оқу үдерісінің қалыпты жүруіне жағдай жасап, оқушылардың таза орында білім алуын қамтамасыз ету.
- Кейбіреулер үшін «еден жуушы» өте қарапайым мамандық шығар, алайда өзім үшін өте жауапты мамандық. Мектептің тазалығын қамтамасыз ету арқылы оқушылар мен ұстаздардың алаңсыз білім алуына мүмкіндік жасау менің адал еңбегімнің жемісі, – дейді Жанат апай.
Шынында да, сырт көзге қарапайым көрінетін бұл жұмыс үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мектептің тазалығы мен тәртібі білім сапасының ажырамас бөлігі саналады. Сондықтан да, Жанат Серікбайқызы өз ісіне адалдықпен қарап, ұжым ішінде сый-құрметке бөленіп келеді. Оның еңбегі мектеп әкімшілігі мен кәсіподақ тарапынан бірнеше мәрте марапатталып, жоғары бағаланған. Әріптестері оны еңбекқорлығы мен ұқыптылығы үшін құрметтейді, ал оқушылар мейірімділігі үшін жақсы көреді.
Жанат Серікбайқызы отбасында да үлгілі ана. Апайдың екі ұлы Отан алдындағы әскери борышын өтеп келсе, екі ұлы студент. Ұлдарының өмірлік жолын дұрыс бағыттап, жауапкершілікке, адалдыққа үйреткен ананың көрер қызығы мен қуанышы әлі алда деп білеміз.
Жергілікті кәсіподақтың Шу аудандық филиалы