ЖАС КЕЛСЕ — ІСКЕ
Білім мен парасатты өмірлік ұстанымына айналдырып, шәкірт санасына нұр құюды мақсат еткен шалқарлық жас ұстаздардың бірі – Ермекова Райкүл Әбимоллақызы.
Райкүл Ермекова — 1996 жылы 28 маусымда Ақтөбе облысы Шалқар қаласында дүниеге келген. 2014 жылы №6 жалпы орта мектебін тәмамдады. Мектепті бітірген соң Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне оқуға түсіп, математика пәнінің мұғалімі мамандығын бітірді. Жоғары оқу орнында жинаған білімі мен кәсіби даярлығы оның білікті маман болып қалыптасуына негіз болды.
Еңбек жолын өзі білім алған қара шаңырақтан бастауы – жас ұстаз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бүгінде ол сол мектепте ұстаздық қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеуде табандылық пен шығармашылық танытып келеді.
Қысқа уақыт ішінде Райкүл Ермекова кәсіби тұрғыда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Ол 2023 жылы аудандық «Жас маман» байқауында ІІІ орын, 2024 жылы облыстық «Үздік жас маман» байқауында ІІІ орын иеленді. Сондай-ақ 2026 жылғы аудандық «Математикалық регатада» жүлделі ІІІ орын алып, білім сайыстарында өзінің жоғары деңгейін көрсетті. Облыстық және республикалық деңгейдегі пәндік олимпиадаларда да жүлдегер атанып, үздік нәтижелерге қол жеткізуде.
Ұстаз жетістігінің басты өлшемі – шәкірт табысы десек, бұл тұрғыда да жас мұғалімнің еңбегі жемісті. Оның оқушылары аудандық пәндік олимпиадаларда І орын иеленіп, облыстық кезеңдерде жүлделі орындарға қол жеткізіп, түрлі білім сайыстарында топ жарып жүр. Бұл – ұстаз бен шәкірт арасындағы тығыз байланыстың, жүйелі еңбектің айқын көрінісі.
Сонымен қатар, Райкүл Ермекова қоғамдық және спорттық шараларға белсене қатысып, жан-жақтылығымен ерекшеленуде. Оның кәсіби өсу жолы – үздіксіз ізденіс пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісі. Осындай талапты да талантты жас ұстаздың жетістіктері «Жас келсе – іске» деген қанатты сөздің өміршеңдігін дәлелдей түседі…