КҮН ТӘРТІБІНДЕ - ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының өкілдері«Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығында, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы №3 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде болды.
Басты мақсат – бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін жетілдіру, оларға жан-жақты әдістемелік қолдау көрсету және еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізу болды.
Кездесу барысында кәсіподақ өкілдері мекемелердегі бастауыш ұйымдардың құжаттамаларын зерделеп, олардың жүргізілу тәртібіне талдау жасады. Құжаттарды рәсімдеу, кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар бойынша нақты ұсыныстар берілді. Сонымен қатар, кәсіподақ қызметін жандандыруға, оның тиімділігін арттыруға қатысты әдістемелік кеңестер ұсынылды.
Қоғамдық бақылау аясында еңбек қатынастарына байланысты ішкі құжаттар, ұжымдық шарттың орындалу барысы, қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарының сақталуы қарастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар кәсіподақтың негізгі міндеттерінің бірі – еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ, мекеме басшыларымен кездесуде әлеуметтік әріптестік туралы келісімде көзделген міндеттемелердің орындалуы, еңбек ұжымындағы тұрақтылықты сақтау, қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелерімен ашық форматта кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, еңбек қатынастары, әлеуметтік кепілдіктер, кәсіподақ қызметінің бағыттары бойынша толыққанды жауаптар алды.
-
Фотографии
-