МӘРТӨКТЕГІ МАТЕМАТИКТЕР ДОДАСЫ
Ақтөбеде Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған республикалық «Математикалық регата» олимпиадасының аудандық кезеңі өтті.
Аталған білім додасына ауданның әр мектебінен келген 25 команда, жалпы саны 100 бастауыш сынып мұғалімі қатысып, өзара білім мен біліктілік сынға түсті. Қатысушылар математика пәні бойынша кәсіби шеберліктерін көрсетіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Олимпиада екі кезең бойынша өткізілді. Бірінші айналымда командалар төрт турдан тұратын күрделі есептерді шешсе, екінші айналымда қатысушылар жекелей есептер арқылы өз білімдерін дәлелдеді. Әр кезең мұғалімдердің логикалық ойлау қабілеті мен жылдамдығын, сондай-ақ пәндік білімінің тереңдігін айқындады.
Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені №2 Мәртөк мектеп-гимназиясының «Логика майталмандары» тобы жеңіп алды. Бірінші орын №3 Мәртөк орта мектебінің «Абсолют» тобына бұйырды. Екінші орынды Құмсай бастауыш мектебі мен Шевченко негізгі мектебінің «Зерде» құрама тобы иеленсе, үшінші орынды Саржансай орта мектебінің «Алау» тобы қанжығасына байлады.
Жекелей есеп нәтижесінде ерекше көзге түскен бірқатар педагогтар облыстық кезеңге жолдама алды. Атап айтқанда, Шевченко негізгі мектебінің мұғалімі Қаламқас Жалмағамбетова, Саржансай орта мектебінің мұғалімі Айгүл Ідірісова, Қазан негізгі мектебінің мұғалімі Юлия Полегонько және Жайсаң орта мектебінің мұғалімі Гүлмира Омарова келесі кезеңде бақ сынайтын болады.
Барлық қатысушы командалар Алғыс хаттармен марапатталды. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы атынан ақшалай сертификаттар табысталды.
-
Фотографии
-