БАСТАУЫШ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Жетісу облысы Қаратал ауданындағы Елтай орта мектебінде бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен мазмұнды кездесу өтті. Аталған шараға «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің Жетісу жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мэлс Төлепбергенов және облыстық ұйымның заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан қатысты.
Кездесуді Қаратал аудандық филиалының төрағасы Берік Абақов ашып, жиынның маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде кәсіподақ ұйымының қызметкерлердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы рөліне ерекше назар аударып, мұндай кездесулердің өзара байланыс орнатудағы маңыздылығын атап өтті.
Шара барысында Мэлс Төлепбергенов кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарына кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, еңбек адамының құқықтарын қорғау, әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қамтамасыз ету, лайықты еңбек жағдайларын қалыптастыру, еңбекақы төлеу жүйесінің сақталуын бақылау, ұжымдық шарттардың орындалуын қадағалау мәселелері сөз болды. Сонымен қатар, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру, мүшелердің белсенділігін арттыру және кері байланысты күшейту қажеттігі айтылды.
Өз кезегінде заңгер-кеңесші Әсет Қайырхан еңбек заңнамасының сақталуы, қызметкерлердің құқықтарын қорғау, еңбек дауларын шешу жолдары мен әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға тоқталып, қатысушыларға жан-жақты түсіндірме берді. Сондай-ақ, еңбек шарттарын рәсімдеу, демалыс беру тәртібі, жалақы мен үстемақыларға қатысты маңызды мәселелерге нақты мысалдар арқылы түсінік берілді.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан тұшымды жауаптар алды. Ашық әрі еркін пікір алмасу форматында өткен жиын кәсіподақ мүшелері үшін пайдалы ақпараттарға толы болды. Бұндай шара әлі де жалғасатын болады.
Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымы
-
Фотографии
-