ҰСТАЗ – ҰЛЫ ЕСІМ
Қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлы «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деп пайымдайды.Бүгінгі тақырыпқа арқау болып отырған кемел жан өзінің шәкірттеріне, өз ісіне және бойына сүйіспеншілікті жинаған өнегелі ұстаз, Ақтау қаласындағы «№19 мектеп-гимназиясы» КММ көркем еңбек пәнінің мұғалімі Мұқанова Сәтжан Жоламанқызы.
Шәкірттерін еңбекпен баулуға қызметін аямайтын аяулы ұстаз шәкірт бойына білім нәрін беріп қана қоймай, өз ғұмырын халқымыздың тарихи-мәдени мұрасын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, сәндік қолданбалы өнерін зерттеп, болашақ ұрпаққа насихаттауға жұмыс жасап жүрген ардақты ұстаздарымыздың бірі.
Адамның шығармашылық қызметінің ең жоғары дәрежесі - өнер. Музыка, театр, сәулет, әдебиет және тағы басқалары. Ықылым заманнан нағыз өнер туындылары бізді өзінің кемелдігімен, бірегейлігімен таң қалдырады. Сәтжан Жоламанқызының қолынан шыққан туындыларын өз шәкірттеріне білім беруге арналған құрал ғана емес, жалпы өнер және білім саласында аса бағалы туынды деп бағалауға болады. Бұл туындылар кез-келген жанның психикалық күйіне әсер етеді. Себебі, өнер шабыттандырады, ынталандырады әрі жанға тыныштық сыйлайды. Онсыз толыққанды өмір сүру мүмкін емес. Бүкіл ғұмырын өнерге арнайтындар да бар. Тілге тиек етіп отырған абыройлы ұстаз - Сәтжан Жоламанқызы.
Жылжып әрі жылыстап жылдар өтіп жатыр. Ол өз жұмысына әлі де адал, өз жұмысы барысында ең құнды тәжірибені жинақтап, педагогика ғылымының соңғы жетістіктерін зерттей түседі. Себебі нағыз мұғалім уақытпен бірге жүру керек, ал уақыт өте жылдам өзгереді.
Сәтжан Жоламанқызының сабақтары қолданбалы сәндік өнердің көрнекі мысалы екенін бәрі біледі, ол сабақтың мақсаты мен міндеттерін дұрыс тұжырымдап, балалардың ойларын дұрыс бағытта икемдей алады. Тиісінше, сабақ өткізудің түрлі формаларын қолданып, жаңашыл мұғалімдердің тәжірибесіне де ден қояды.
Өз әріптестерімен соңғы педагогикалық - ғылыми жаңалықтармен өз уақытын аямай бөлісу де нағыз ұстаздың еншісінде. Сәтжан Жоламанқызының бұл қасиеті жастардың тәжірибелі тәлімгері, дана ұстазы, сенімді досы және ақылды әріптесі етеді.
«Мектептің жаны – мұғалім» деген Ахмет Байтұрсыновтың сөзін ескерсек, Сәтжан Жоламанқызы әр бала үшін жанын беруге даяр ұстаз. Ол бала үшін күш пен уақытты аямай, өз жаны мен жүрегін береді.
Керемет мұғалім, өз ісінің шынайы шебері «болашақтың адамдарын» тәуелсіз ересек өмірге дайындайды. Әр жеткіншекті өнерді сүюге, сол арқылы өмірді сүюге баулиды. Себебі бұл өмірдің ең кереметі – Өмір, ал өмірдің ең таңғажайыбы – Өнер!
Ә.Нұржанова,
Ақтау қаласы, №19 мектеп-гимназиясының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы.