ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ ЖҰМЫСЫНЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫНА БАҒА БЕРІЛДІ
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы жылдық жұмысын қорытындылады. Аудандық, қалалық филиалдардың төрағаларының қатысуымен Атқару комитетінің отырысы өтті.
Күн тәртібінде аудандық, қалалық филиалдардың тоқсандық жоспарды орындауы және ақпарат құралдарымен байланысы, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетіндегі өндірістік кеңестің жұмысы, облыстық ұйымының және аудандық, қалалық филиалдардың 2022 жылы атқарған жұмыстарын қорытындылау, 2023 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы мәселелер қаралды.
Жиынды облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергенов жүргізіп, атқару комитетінің мүшелеріне күн тәртібін таныстырып, жұмыс регламентін бекітті.
Жиынның күн тәртібінің бірінші мәселесі бойынша облыстық ұйымның бас маманы Маржан Жұмабек сөз алып, кәсіподақтың жұмысын жоспарлау және оны бұқаралық ақпарат құралдарына жариялаудың маңыздылығына тоқталды.
«Қоғамдық бірлестіктің жұмысын жоспарлау, шараларды жүзеге асыру үшін аудандық, қалалық филиалдары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмылдырылды. Нәтижесінде 286 шара өтіп, бұқаралық ақпарат құралдарына 477 материал жарияланды»,- деді баяндамасында Маржан Қайратқызы.
Сонымен қатар, Текелі қалалық филиалының төрағасы Асан Тұрсынғалиев ақпарат құралдарына материал жариялаудағы тәжірбиесімен бөлісті. Ақпарат құралдарымен байланыстың маңыздылығын айтып, кәсіподаққа қатысты жазылған мақаланың жазылу барысын нақтылады.
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетіндегі өндірістік кеңестің жұмысы туралы филиал төрағасы Ерлан Хаймулданов сөз сөйледі. Жетісу өңіріндегі жалғыз жоғары оқу орнында 3 оқу ғимараты, 3 жатақхана, кітапхана, стадион, бассейн, «Құлагер» демалыс аймағы, «Ақши» демалыс аймағы, «Қарлығаш» еңбек-сауықтыру лагері барын айтып, барлығында қауіпсіздік шаралары сақталғанын жеткізді. Қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында арнайы бұрыштар қарастырылып, қажетті құралдармен жабдықталғанын жеткізді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Құлмұханұлы 2022 жылы атқарылған жұмыстарды атап өтіп, 2023 жылға арналған жұмыс жоспарын таныстырды. Атқару комитетінің мүшелері кәсіподақтың жұмысын жандандыру үшін ұсыныстарын енгізіп, қажетті қаулыларды қабылдады.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және
жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу»
жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі