БІЛІКТІ БАСШЫ – МЕКТЕП МЕРЕЙІ
Мектептің тағылымды тәрбие ордасына айналуы, ең бірінші, мектеп басшысына байланысты. Ұлағатты ұрпақ қалыптастыру жолында мектеп басшысының арқалайтын жүгі өте ауыр әрі жауапты.
Қазіргі уақытта мектеп директорының мәртебесі бұрынғы Одақ кезіндегіден әлдеқайда жоғары. Сол жолда талмай еңбек етіп келе жатқан Ақтау қаласы «№1 жалпы білім беретін мектептің» директоры - Бекес Өмірханұлы Испекеев. Басшы туралы жазу, мұғалім үшін қиындау екенін білетінмін, дей тұра білікті басшының аз жылдар ішіндегі жетістіктері бір төбе екенін біреу білсе, біреу білмейді. Мен басшымыздың жеке басының жетістіктеріне тоқталған жоқпын. Ол – өз алдына бір төбе...
Бекес Өмірханұлы аз жылда зейнет жасына шығайын деп отыр. Ол өзінің саналы ғұмырын ұлағатты ұрпақ үішін, ұлт үшін қызмет етіп келеді. Мен бұл кісімен 2017 жылдан бастап әріптес болдым. Осы жылдар ішінде мектеп басшысы ретінде өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де ұжым арасында беделге ие екенін көрсетті.
Жоғары санатты ағылшын тілі пәнінің мұғалімі –Бекес Өмірханұлы үш тілде еркін сөйлей отырып, бүгінде орыс тілді мектеп ордасын басқарып отыр. Жалпы, мектеп басшысы болу үнемі ізденісті, тынымсыз еңбекқорлықты қажет етеді, оның үстіне шәкірт жүрегіне жол табумен қатар, ұжыммен тіл табысып кету үшін де адамның бойында ерекше қасиет болу керегі анық. Осы ретте ұжымды айрандай ұйытып, ынтымақтыққа бастай білген білікті директор алдымен мектептегі кадр мәселесінің тұрақталуына, педагогтардың қазіргі жаңа талапқа сай әлеуетінің көтерілуіне, білім мекемесінің заман талабына сай жұмыстануына қолдан келгенше мүмкіндік жасап, ұстаздарды әріптес ретінде де қолдап келеді.
Мектеп педагогтары осы жетістіктердің барлығы талантты басшының өзіне де, өзгеге де талап қоя білуінің және үйлесімді ұйымдастырушылығының нәтижесі деп біледі. Оның жасаған еңбектерін санамаламай-ақ, соңғы «Серіктес топтардың: Қала-ауыл мектептерінің даму стратегиясын қалыптастыру менторлық жоба» бойынша алты ай мектеп педагогтарымен команда құрып, мектептің үш жылдық даму стратегиясын қорғап шықты. Мұндай жақсы көрсеткіштерге жетуі – мектеп басшысы мен әріптестерінің еңбегі деп айтуға болады.
«Азамат жетім болмайды, халықтан болса панасы. Халық жетім болмайды, басшы болса данасы» деп, Сырым Датұлы айтқандай, қай басшы да ұжымына пана да, дана да бола білуі хақ. Соның ішінде мектепті басқару – өте үлкен парасаттылықты, мəдениеттілікті, сауаттылықты талап етеді. Шəкіртін аялап, əріптесін сыйлай білген адам ғана басшы бола алады.
Бекес Өмірханұлы Испекеев - білікті басшы, ұстаз ғана емес, отбасында үлгілі әке, сүйікті жар, ағайын – туыс арасында беделді – абыройлы ер – азамат. Иә, "Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады" демекші, білікті басшы, шығармашыл тұлға, ұжым мақтанышы. Сондықтан, білім сапасының артуына өз үлесін қосып, талай жыл талмай-қажымай еңбек етіп келе жатқан ол кісінің өз тұғырынан түспей, әлі де біраз белесті бағындыра беретініне сеніміміз мол.
Г.Ажиходжаева,
Ақтау қаласы, №1 жалпы білім беретін мектептің әдіскері.
Маңғыстау облысы.