ЖАМБЫЛДА ЖЕРГІЛІКТІ КӘСІПОДАҚТЫҢ V ПЛЕНУМЫ ӨТТІ
Биыл Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының құқықтық қызметінің пәрменімен сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелеріне 130 млн. теңгеден аса қаражат қайтарылып, 2 кәсіподақ мүшесі қайта жұмысқа орналастырылса, 7 қызметкердің заңсыз жұмыстан босауына тосқауыл қойылған. Бұл туралы Жергілікті кәсіподақтың биылғы Әлеуметтік әріптестік жылын қорытындылауға арналған V Пленумында айтылды.
Әлеуметтік әріптестік жылында Жергілікті кәсіподақтың барлық деңгейдегі органдары даңғазалықпен емес, нақты іспен айналысқан. Қоғамдық ұйым «жалпақ шешейлікке» жол бермей, бірнеше бағытта жұмыла жұмыс істеген. «Педагог мәртебесі туралы» отандық заңның жүзеге асуы мен ұжымдық шарттар арқылы сала өкілдерінің еңбек жағдайларын жақсарту, әлеуметтік жеңілдіктерін арттыру, құқықтық қорғау ісінде жұдырықтай жұмылып, әлеуметтік әріптестікке де ерекше екпін берген. Бұл жылдың облыс педагогтары мен сала қызметкерлеріне тигізген шарапаты туралы толық мәліметті жиында негізгі баяндама жасаған Жергілікті кәсіподақтың төраға орынбасары, Кәсіподақтың құқықтық инспекциясының жетекшісі Берік Баймағамбетов баяндады.
Баяндамада айтылғандай, 2022 жыл бойында облыстық Әлеуметтік әріптестік комиссиясының 8 отырысында 13 сұрақ талқыланған болса, Жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі Келісу комиссиясының 3 отырысында тиісінше 3 сұрақ қаралып, шешімін тапқан.
Осы жылы 2021-2023 жылдарға жасалған Әлеуметтік әріптестік жөніндегі екіжақты Келісімге сала өкілдерінің еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктерін арттыра түсуге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар 2 рет – наурыз және қыркүйек айларында жасалған.
Наурызда жасалған өзгерістер сала қызметкерлерінің оқу жүктемесінің шекті мөлшері, басшылар мен орынбасарлардың қосымша педагогикалық жүктеме алу құқығы, жалпы аттестация мәселелері, ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін қосымша ақы алушы педагогтер тізбесін (құрамын) арттыру, аталған қосымша ақыны басшы мен орынбасарларға да төлеу мүмкіндіктері, АӘД пәнінің оқытушы-ұйымдастырушыларының айлық жалақысына қатысты түйткілдерді түбегейлі реттеп, қызметтік бөлмелерді тазалаушы жұмыскерлерге 30 күндік еңбек демалысы мен емделу жәрдемақысын беру сынды мәселені шешті.
Ал, 2022-2023 жаңа оқу жылының басында енгізілген кезекті өзгерістер мен толықтырулар «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті жаңа стандарттардың» қабылдануы және үлгілік оқу бағдарламаларындағы өзгерістерге қатысты болып, ең алдымен өзін-өзі тану, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, технология, дене тәрбиесі сынды жекелеген пәндер бойынша педагогтардың қысқару мәселесін оңтайлы шешу, оларды ауыстырған сәтте конкурссыз және тест тапсырмай, сондай-ақ қолданыстағы біліктілік санаттарын сақтап қалу мақсатында жасалды.
- Құқықтық қызмет тарапынан жыл басынан бері облыс бойынша білім беру мекемелерінде еңбек заңдылығының орындалуы бойынша 603 тексеру жүргізіліп, еңбек заңдылығын бұзудың 1 797 жағдайы анықталды. Аталған мерзімде заңгерлермен 10 143 құқықтық қызмет көрсетілген болса, оның 648 жазбаша берілген жауаптар мен түсіндірмелер. Ауызша кеңестер саны - 9 445, оның ішінде жеке қабылдауда - 3 799, телефон арқылы – 4 449, электронды почта, интернет және БАҚ арқылы 1 197 қызметкер көмек алды. Құқықтық қызметтің белсенді іс-әрекеті нәтижесінде 2 кәсіподақ мүшесі қайта жұмысқа орналастырылды, заңсыз жұмыстан босауына тосқауыл қойылған 7 қызметкер болды. Құқықтық қызметтің 2022 жылдың 11 айдағы экономикалық тиімділігі - 130 млн. теңгеден аса соманы құрады, - деді Берік Әбенұлы баяндама барысында.
Басты әлеуметтік әріптес - Білім басқармасымен бірлесе отырып табысты еңбек етіп, нәтижелі жұмыс көрсете білген үздік білім мекемелері мен білікті ұстаздарды ынталандыру дәстүрінің жалғасы ретінде «Үздік инновациялық мектеп», «Үздік қала мектебі», «Үздік шағын жинақталған мектеп», «Үздік ауыл мектебі», «Үздік колледж» номинациялары бойынша жеңімпаздар мен бірқатар озық ойлы озат ұстаздарды ынталандыруға 8.5 млн.тг. кәсіподақ қаржысы берілген. Жалпы, осы тәжірибе енген 7 жылда 35 білім мекемесі мен ұйымы, 126 үздік ұстазға салалық кәсіподақ қаржысынан 43 млн.тг ынталандыру сыйақысы табысталған.
2022 жылы барлық түрдегі сауықтыру шараларымен 7 122 сала өкілі мен отбасы мүшесі қамтылып, оған 213.3 млн.тг кәсіподақ қаржысы бағытталған.
- Әлеуметтік әріптестік жылының жемісті өткендігінің тағы бір мысалы - Кәсіподақтар федерациясымен жарияланған «Үздік ұжымдық шарт» байқауының республикалық салалық кезеңінің Бас жүлдесін Жергілікті кәсіподақтың Талас аудандық комитеті иеленді. Ұжымдық шарттар жасау тәжірибесі қалыптасып, еңбек адамының әлеуметтік құқықтары мен кәсіби мүдделерін заңнамадан да едәуір жақсартып, нығайта түсетін бұл құтты құжат Кәсіподақтар федерациясы нәтижесін шығаратын республикалық салааралық байқауда да жүлдесіз болмайды деп үміттенеміз, - деді Берік Баймағамбетов.
Негізгі баяндамада қаузалған мәселелерді жарыссөз барысында нақтылап, терең тоқталып, мысалдармен дәлелдей түскен жұмыс беруші мен ұстаздар, кәсіподақ өкілдері бірқатар түйткілді мәселелерді де ортаға салып, бірлесіп шешуге шақырды.
Байзақ ауданы білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында конструктивті бірлесіп жұмыс атқару тәжірибесі қалыптасқанын, соңғы бес жылда ауданның білім саласын қаржыландыру 9,8 млр.-тан 20,7 млр. теңгеге өскенін, сәйкесінше жыл сайын жалақысының өсуі мен еңбек жағдайының жақсаруы ұстаздардың тұрмыс-тіршілігіне оң ықпалын тигізіп жатқандығына тоқталды.
Ал, Тараз қаласындағы А.Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназия мұғалімі, БКҰ жетекшісі Айнұр Сариева ұстаздарды әлеуметтік желіні ермек еткен «Диван комментаторларынан» қорғау қажеттігіне басымдық берді.
- «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес, педагог өзінің педагогикалық қызметін жүзеге асыру кезінде белгілі бір құқықтарға, сондай-ақ материалдық қамтамасыз ету мен көтермелеуге құқығы бар. Өкінішке орай, Заңның 2020 жылдың 28 қаңтарында күшіне енгеніне қарамастан, қазіргі уақытта педагогтардың құқықтарының бұзылу жағдайлары бар. Педагогтарға қарсы теріс пікір жинайтын блогерлер мен олардың әлеуметтік желідегі қызметі тіпті есерсоқтық дер едім. Мұғалімге, оның жұмысына және кәсібіне қатысты көптеген әділетсіз наразылықтар желіде толып жатыр. «Диван комментаторлары» педагог қызметкерлерге көп жағдайда жала жабуға тырысады. Мұғалімдерді ата-аналардың шабуылынан да қорғау қажет, - деді Айнұр Сариева
Келесі болып сөз алған облыстық «Дарын» лицей-интернатының мұғалімі, «Үздік педагог - 2022» республикалық байқауының жеңімпазы Нұрлан Давлетбаев: «Мұғалім үшін ең бастысы - ол оқу жүктемесімен қамтамасыз етілу» деп санайды. Ал оқу жүктемесінің көлемі кәсіподақ комитетінің пікірін ескере отырып белгіленуі, сағат жүктемелерінің 16 сағатқа қысқаруы мен өзіне тән емес функцияларға жүктелмеуі, есептіліктің азаюы ұстазға шығармашылық ізденіспен айналысуға үлкен мүмкіндік беретінін айтты.
Жарыссөзге шыққан облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің басшысы Шахризада Усерова озат педагогтарды кәсіподақтың қолдауы ұстаздарға тың күш-жігер мен мотивация беретінін айтты.
- Қоғам байлығы – еңбек адамы десек, кәсіподақ қай уақытта да еңбек адамымен бірге. Өңір педагогтарын толғандырған мәселелер кәсіподақ дейгейінде оң шешімін тауып келеді. Салалық кәсіподақ білім беру ұйымдарындағы өз мүшелерінің құқығын қорғау, еңбек заңдылықтарының сақталуын жіті назарда ұстайды. Осы тұрғыда, кәсіподақ тарапынан үздік білім беру ұйымдары мен тәжірибелі, үздік педагогтерге құрмет көрсетіп, қаржылай сыйақы табыстауы да игі дәстүрге айналған. 2018-2022 жылдар аралығында 33 педагог байқау жеңімпазы атанып, кәсіподақ тарапынан марапатталды, - деді Шахризада Асылбекқызы.
Сала өкілдерінің ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңы және әлеуметтік әріптестік актілерімен көзделген жеңілдіктер және кепілдіктермен қамтылу жағдайы туралы» күн тәртібімен өткен Пленумның негізгі сұрағын қорытындылаған Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдын Досыбаева әлеуметтік әріптес ретінде кәсіподақтармен келіспеушілік жоқ екенін жеткізіп, құзырлы органның бірлескен жұмысты жаңа деңгейге көтеруге даяр екенін айтты.
- Бізде салалық кәсіподақпен принципиалды келіспеушілік жоқ. Әрине, жекелеген сұрақтар бойынша біздің пікіріміз әртүрлі, кейде қарама-қайшы болады. Түбінде біртұтас ұстанымға келудеміз. Әлеуметтік әріптестіктің өзі де осы. Біз кәсіподақтың басшы органдарымен әріптестікті одан ары жетілдіріп, білім сапасын арттыру, білім беру ұйымдарының жұмыс көрсеткіштерін көтеру, еңбек ұжымдарындағы оң моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру бағытында көптеген міндеттерді бірлесіп орындауға күш салатын боламыз, - деді Айдын Орынбекқызы.
Алқалы жиында көтерілген келесі мәселе - «Жергілікті кәсіподақтың барлық деңгейдегі органдарының есеп беру-сайлауын өткізу туралы» болды. Аталған мәселе бойынша сөз алған Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков кәсіподақтың басқару органдарының өкілеттік мерзімі 2023 жылы аяқталатынын айтып, есеп беру мен сайлау - бұл алдында межеленген мақсат-міндеттердің орындалуын сарапқа салып, бағыт-бағдарымызды айқындайтын кезең екенін еске салды.
- Есеп беру-сайлау науқанын сапалы өткізу – кәсіподақ қозғалысын дамытудағы маңызды кезең. Еңбек адамының беделіне береке дарытып, қам көңіліне қаншалықты қамқоршы бола алғанымызды саралап, азаматтық қоғамды қалыптастыруда қаншалықты пәрмені бар құрылым екендігімізді анықтап-айшықтайтын сындарлы кезеңді үлкен жауапкершілікпен өткізуге тиіспіз, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Пленум қабылдаған шешімге сай Жергілікті кәсіподақтың барлық басқару органдарының есеп беру-сайлау кезеңі 2023 жылдың алғашқы тоқсаны деп белгіленді. Бұдан бөлек алқалы жиын өзіне жарғымен берілген құқық бойынша облыстық ұйымның 2023 жылға арналған кіріс-шығыс сметасын бекітті.
Іс-шара соңында Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ҚР Президентінің Алғыс хатымен, ал Кәсіподақтың Шу аудандық комитетінің төрайымы Аида Бекмурзина Жамбыл облысының Құрмет грамотасымен марапатталды. «Үздік педагог - 2022» республикалық байқауының 3 жеңімпазына шипажайға жолдама берілсе, алқалы орган – Пленумның барлық мүшелеріне Кәсіподақ төрағасының Алғыс хаты табыс етілді.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы