АРДАГЕРІН АРДАҚТАҒАН ҰЖЫМ
Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Жетібай ауылының № 3 орта мектебінде мектеп ұжымы ұлағатты ұстаз, өз ісінің шебері Нажматдин Шамшатдинұлын құрметті демалысқа шығарып салу шарасын ұйымдастырды.
Жиынды мектеп директоры Ізбасарова Гүлбаршын Максимқызы өзінің әдемі сөздерімен ашты. Шараға Н.Шамшатдинұлының әріптестері, зейнеткер ұлағатты ұстаздар да шақырылды. Нәжметдин ағайдың ерен еңбектері айтылып, өмірбаяны баяндалды.
Джантлеуов Нәжмаддин Шамшетұлы 1956 жылы 16 сәуірде Өзбекстан Республикасының Нөкіс қаласында дүниеге келді. 1973-1977 жылы Нөкіс мемлекеттік университетінде Физика факультетінде оқып, еңбек және сызу пәні мамандығын бітірген. Алғашқы еңбек жолын 1977-1988 жылдар аралығында Нөкістің Деммаш мекемесінде инженер болып бастаған. 2006 жылы Маңғыстау облысына қоныс аударып, сол жылы №3 орта мектебіне Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып орналасты. Содан бері осы күнге дейін білім беру саласында абыройлы қызмет атқарды.
Ұстаз есімі әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласы қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі - ұстаз. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «Ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жататыны осыдан болса керек.
Мерекелік шарада ардагер ұстаз өзінің ұстаздық еңбек жолындағы қызықты да, қиын жайттарды еске алды.
«Тәрбиелеген оқушыларымның бүгінде әр салада жұмыс істеп жүргені менің үлкен мәртебе жетістігім» ,- деп тебіренді.
Шара барысында оқушылар ағайға ән-жыры мен тілектерін арнады. Шара соңында мектептің кәсіподақ ұйымы төрайымы Адыева Ақжарқын Хожағұлқызы қорытынды сөз сөйлеп, Нәжметдин ағайдың құрметті демалысына сәттілік тілеп, ұжым атынан сый-сияпаттар табыстады.
Нәжметдин ағай алғысын айтып жас мамандарға батасын берді.
М.Омарғали,
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Жетібай ауылы, №3 жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі