«ҰСТАЗ ЖОЛЫ –ҰЛЫ ЖОЛ!»
«Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық.
Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы - жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі - мұғалім.
«Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан ұстаздардың бірі – Оңайгүл Амандыққызы.
Шағанова Оңайгул Амандыққызы 1966 жылы 27 қыркүйекте Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1987 жылы Бейнеу ауданы Ақжігіт селосында Ақжігіт орта мектебінде ұзартылған күн тобының мұғалімі болып бастады. 1995-1996 оқу жылдары арасында Бейнеу ауданы, Бейнеу селосы, Абай орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып, 1996 жылы Ақтау қаласына қоныс аударып, М.Әуезов атындағы жалпы білім беру орта мектебінде мамандығы бойынша жұмыс атқарды. 2013-2014 оқу жылы «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған облыстық мектеп-интернатына” бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша қабылданып, күні бүгінге дейін үздіксіз еңбек етіп келеді.
Ол еңбек еткен 35 жылда талай жетістіктерге жетіп, мектепшілік, қалалық сайыстарға қатысып, мектептің абыройын көтеріп жүрген ізденімпаз ұстаз. Оның ұстаздық жолындағы әрбір жақсы еңбектері еленбей қалған жоқ.
Бастауыш сынып журналдарында да мақалалары жарияланып, Интернет желісінде бастауыш сыныпқа арналған Республикалық қашықтықтан оқыту олимпиядасына қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Ол үнемі қалалық облыстық семинарларда жаңа заманға сай оқыту тәсілдерін тиімді қолдана отырып, әріптестеріне бірнеше сабақтар көрсетіп жүр.
Көп жылғы еңбегі еленіп мектепішілік, қалалық білім бөлімінің «Құрмет грамотасы», облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасы», Облыс әкімінің «Алғысы», Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Құрмет Грамотасымен», «Үздік ұстаз» байқауында «Шебер ұстаз» номинациясы иегері марапаттарына да ие болды. «Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту» тақырыбында шығармашылықпен жұмыстанып, оны үнемі сабақта қолдануда.
Мұғалімнің негізгі мақсаты - оқушылардың шығармашылық қабілетін, өздік танымдық біліктілігін дамыта отырып, білім сапасын арттыруды ұйымдастыру.
Елімнің болашағы деп үміттенетін бүгінгі жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, еңбексүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеп, білімі мен өнегесін кішкене бүлдіршіндерге арнап, бойындағы бар күш-жігерін шәкірт тәрбиелеуге жұмсайтын Оңайгүлдің еңбегі ерекше.
Оңайгүл әр шәкіртінің жүрегіне ерекше жол таба білетін, еңбекқор, тәжірибелі ұстаз, аяулы ана, ардақты әже.
Ү.Арықова,
Маңғыстау облыстық арнайы мектеп-интернаты, бастауыш сынып мұғалімі және бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.