«ҰСТАЗ – АЛТЫН ДІҢГЕК!»
Қай қоғамда болмасын адамзат үшін ең қажетті, ең киелі екі мамандық иесі бар. Ол дәрігер мен ұстаз. Білімді дәрігер – тәннің шипагері, білікті ұстаз – ой-сананың бапкері. Алғашқысына кездессең, жаның қалады, соңғысына тап болсаң, жолың болады. Тәлім-тәрбие ата-анадан, оқу-білім ұстаздан. Осы екеуі сәйкес келсе, талай ұрпақтың жұлдызы жанып, мәртебесі биіктейді.
Адам баласы «Ұстаз» дейтін ұлы ұғымды ұлықтап, беделін арттырса, тіршіліктің мәні еселенбек. Ұстаз білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге. Ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, ғылым иесі ғалым да, мал бағып терін төккен шопан да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адамзат құрметпен бас иеді. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық.
«Ұстазды алтын діңгекке теңер едім», – деп ұлы педагог Ы. Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен қызығы бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Осы теңеуге сай келетін, Ұстаз деген ұлы атаққа ие – колледжіміздің мұғалімі Үмбеталиева Гүлбарам Уқасқызы. Ол 1960 жылы 12 қарашада Атырау облысы Новобогат ауылында дүниеге келді. 1980-1984 жылдар аралығында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында математика пәні мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алады. 1986 жылдан бастап №6 орта кәсіптік-техникалық училищесінде тәрбиеші болып жұмысқа орналасады. Қәзіргі таңда Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжі.
«Бiз тарихтан кемеңгерлiктi, поэзиядан — шешендiктi, математикадан — зеректiктi, жаратылыс ғылымдарынан — тереңдiктi, адамгершiлiк философиясынан — байыптылықты, логика мен көсемсөзден — айтысу дағдысын үйренемiз» деп данышпандар айтқандай, ғылымдардың патшасы саналған математика пәнінің қыр-сырын үйретуден жалықпай, алдына келген шәкірттерін зеректікке жетелеген ұлағатты ұстаз Гүлбарам Уқасқызының білім беру саласына қосқан еңбегі еселі.
Талай жылғы төгілген тер, тынымсыз еңбек, жалықпай ізденудің қорытындысы білікті ұстаз, Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжінің математика пәнінің оқытушысы Гүлбарам Уқасқызына 1992 жыл - өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруде қосқан үлесі үшін «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен; 2012 жыл - Білім саласындағы шығармашылық еңбегі және өскелең ұрпақты оқытып, тәрбиелеудегі қол жеткізген табыстары үшін ҚР Білім және Ғылым министрлігінің «Алғыс хатымен»; 2013 жыл-Маңғыстау облысының дамуына қосқан үлесі үшін «40-жылдық» мерекелік төсбелгісімен; ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі басқа да марапаттар болып мәуесін төкті.
Гүлбарам Уқасқызының шәкірттері кешенді тестілеу кезінде математика пәнінен үнемі жоғары көрсеткішке жетіп жүр. Ұзақ жылдық еңбек өтілінде көптеген жетістіктерге жеткен ұстаздан дәріс алып түлеп ұшқан шәкірттер қазір алыс - жақын жерлерде абыройлы қызмет етеді.
Білімнің асқар шыңын бағындырып, ғылымның қиясына өрлеу, болашақ ұрпақты тәрбиелеуші ұстаздардың ұстазы болу ешқашан оңайлықпен келмейтіні сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, ақыл-ойды тәртіпке келтіріп, зеректікке жетелейтін математика пәнінің мәнін ұқтырған Гүлбарам Уқасқызының мерейі қашанда үстем. Оның ұлағаты мол ұстаздық еңбегі жас ұрпаққа өрісті өнеге болатыны сөзсіз.
Р.Ризаева,
Маңғыстау облысы, Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.