ҚЫЗЫЛОРДАДА КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИДЕЯЛАР ФЕСТИВАЛІНДЕ БАС ҚОСТЫ
Қызылорда облыстық білім қызметкерлері кәсіподағы және Педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен «Мұғалімнің кәсіби дамуы: инновациялар арқылы білім сапасына» тақырыбында Сыр өңіріндегі жетекші мектептердің ұстаздарына арналған педагогикалық идеялар фестивалі болып өтті. Фестивальге 100-ден аса кәсіподақ мүшесі қатысты.
Атаулы шара Арал ауданындағы «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында 2 күнге жоспарланып, аймақ ұстаздары өзара тәжірибе алмасу арқылы білім қоржындарын жаңа идеялармен толықтырды.
Бағдарламаға сәйкес алғашқы күннің жұмысы: «Пленарлық бөлім», «Мотивациялық кездесу», «Әлемді жақсы жаққа өзгертеміз» командалық таныстырылым, «Кәсіби шешімдер мен тапқырлық» квест ойындары, Нейробика «Миды жаттықтырудың 10 тәсілі» тақырыптарымен түрлі форматта ұйымдастырылып, алаң қатысушылары арасында өзара бәсекелестікке толы креативті жұмыстар жүзеге асты. Күннің екінші жартысында «Педагогикалық ассорти» тақырыбымен орталық тренерлерінің шеберлік сыныптары өткізілді. Ол арқылы ұстаздар біліктіліктерін арттыра отырып, шығармашылық шабыт алды. «Жұлдыздар жауған түн» атты қорытынды кешпен сәтті аяқталған басқосу соңында командаларға келесі күннің тапсырмалары берілді.
Жұмыс алаңының екінші күні: «Алғашқы күннің дайжесті» постер- галерея қорғаумен басталды. Әрі қарай командалар «Өмір бойы білім алу» тақырыбымен педагогикалық жобаларын қорғады. Жоба бағыттарын команда жетекшілері жеребье арқылы таңдады. Фестиваль соңында барлық командаларға озық ойлар мен жасампаз жобалар үшін алғыс білдіріліп, ұйымдастырушылар тарапынан арнайы бірлескен дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Барша қатысушы кәсіподақ мүшелері шынайы ризашылықтарын білдіріп, фестиваль жұмысына жоғары баға берді.
Қызылорда облыстық білім және ғылым
қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы