ЖАС ПЕДАГОГТАРҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Кәсіподақ және қоғам: заманауи көзқарас» тақырыбында семинар өтті. Семинардың алғашқы күні филиалдардың бастауыш кәсіподақ ұйымының жаңа сайланған жас жетекшілеріне арналса, екінші күні жас педагогтар-кәсіподақ комитетінің мүшелеріне арналды.
Алғашқы болып сөз алған жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков тыңдаушыларға семинардың нәтижелі болуы тек модераторларға ғана қатысты емес екендігін, кәсіподақтың семинарларында қолайсыз сұрақтар болмайтындығын ескертіп, іс-шараға белсенді қатысуға шақырды.
- Кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқығын қорғау, еңбек жағдайын жақсарту, еңбек қауіпсіздігіне қоғамдық бақылау кәсіподақтың негізгі жұмыс бағыттары. Алайда, бүгінгі кәсіподақтардың дені сауықтырумен, мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырумен шектеліп жатады. Біздің кәсіподақ әлеуметтік әріптестік арқылы, оның ішінде заңда белгіленгеннен де артық нормаларды ұжымдық шарттарға қосу және оны қабылдау, оның орындалуын бақылау, заңсыз қысқартулар мен жұмыстан босатудың алдын алу, лайықты жалақы төлеу, еңбек ұжымдарында дау-дамайларды болдырмауға басымдық береді. Осындай оқулар арқылы әр кәсіподақ мүшесіне жетуге тырысамыз, - деді Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков.
Ал кәсіподақтың бас құқықтық инспекторы Берік Баймағамбетов ұжымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін негізгі құрал – Ұжымдық шарт екендігіне тоқталып, оның мазмұнымен, қолдану аясымен таныстырды. Бұдан кейін Кәсіподақтың бас маманы Әлия Джолшибекова білім саласы қызметкерлерінің жалақысын есептеудің тәртібі мен ерекшеліктеріне тоқталып, тыңдаушыларға жалақы есептеуді үйретті. Теориялық сабақтан кейін топ-топқа бөлінген тыңдаушылар әр түрлі санаттағы ұстаздар мен педагог мамандардың еңбекақыларын тәжірибеде есептеп үйренді.
Күн тәртібіндегі келесі тақырып – «Ораторлық шеберлік: көпшілік алдында әсерлі сөйлеу өнерін» Кәсіподақтың оқу-әдістемелік орталығының маманы Гүлжан Ибраимова жүргізді. Модератор жас педагогтарға көпшілік алдында қоқыс сөздерді қолданбай әсерлі сөйлеу, аудиторияны сезіну арқылы дауыс, интонация, қимыл-қозғалысты бақылау сынды дағдыларды меңгеру мен пайдалану ерекшеліктерін үйретті.
Бұл туралы Тараз қаласындағы №38 балабақшаның БКҰ төрайымы Гүлбану Қаржаубаева «Бағдарламадағы тақырыптар толық ашылды, өзім үшін айлық есептеуді, ораторлық шеберлікті, көпшілік алдында өзіңді ұстау мәдениетін үйрендім. Ең бастысы әр аймақтан келген әріптестермен тәжірибе алмастым» десе, Меркі ауданындағы №5 Ақарал мектебінің жас педагогы Азамат Джадраев «Көптеген сұрақтарға жауап алдым.
Бүгінгі тренингтерді енді өз сабағымда, ата-аналар жиналыстарында пайдаланатын боламын. Ал жалақы есептеп үйренгенім тіпті керемет» деп өз ойымен бөлісті.
Семинар соңында барлық қатысушыларға семинарға қатысқандығы туралы сертификат табыс етілді.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы