МАҢҒЫСТАУДА ЖАС ҰСТАЗДАР ФОРУМЫ ӨТТІ
Маңғыстау облысының жас ұстаздары NIS-те бас қосты. Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының ұйымдастыруымен «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» атты облыстық форумы өткізілді. Бұл шара тамыз айында елордада республика көлемінде өткен форумының жалғасы.
Маңғыстау облысы мектептерінен қатысқан 140-тан астам мұғалімге педагогикалық шеберлік орталығы мамандары сабақ құрылымын зерттеу, функционалды сауаттылықты арттыру, оқытуда АКТ-ны тиімді қолдану сияқты маңызды тақырыптар бойынша тренингтер ұйымдастырды.
Форумда тақырыптық алаңдар, жас ұстаздардың шеберлік сабақтары және Active SPOT алаңдары жұмыс істеді.
Форумның ашылу салтанатында Маңғыстау облысының білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева жас ұстаздарға табыс тілеп, табысты мұғалім қандай болу керектігін атап өтті. Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымының төрағасы әлеуметтік әріптес ретінде Тарбия Баймбетова қолдау көрсетіп, жас мамандарға сәттілік тіледі.
Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ринат Жұмабаев қазіргі жас ұстаздарға шеберлігін шыңдау үшін елімізде қарастырылған мүмкіндіктерге тоқталып, ұстаздарға берілген бар мүмкіндікті пайдаланып, білікті маман болуға шақырды.
«Жас ұстаз: табысқа апарар жол» облыстық форумында сөз сөйлеген бір қатар қатысушылар мен қонақтар форумның маңыздылығына тоқталды.
Жаңаөзен қаласының №22 мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Тініқұл Зияда Нұрлыбекқызы, өз ойымен бөлісті: “Шын мәнінде осындай форумдар жас мамандарға керек-ақ. Мұндай форумдар жас ұстаздарға өз білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасып, басқа да жас мұғалімдермен ой алмасып, жан-жақты дамуына септігін тигізеді. Алда да көптеп ұйымдастырылады деп сенеміз”.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» ҚБ