ҰСТАЗДАР АРАСЫНДАҒЫ СПАРТАКИАДА
«Алматы облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ-і Талдықорған қалалық филиалы мен Талдықорған қалалық білім бөлімі саланың қызметкерлеріне арнап, спартакиада ұйымдастырды.
Шараға қаланың 11 мектебі қатысты. Ашылу салтанаты М. Ломоносов атындағы №5 орта мектеп лицейінде өтті. Жарысқа қатысушылар алдымен салтанатты түрде шақырылып, Қазақстан Республикасының Туы көтеріліп, Гимні орындалды. Сап түзеген спортшыларды Талдықорған қалалық кәсіподақ филиалының төрағасы Мэлс Төлепбергенов құттықтап, барлығына сәттілік тіледі. Спартакиаданың мақсаты мен міндетін айқындап, ұстаздардың бос уақытын тиімді пайдалану, достық пен ынтымақтастықты нығайту үшін әр тоқсан сайын мұғалімдер арасында жарыс ұйымдастырылатынын жеткізді.
2022-2023 оқу жылының тоқсандық демалыстарын қамтыған жарыс әуелі шахмат және үстел теннисінен өткізілді. 1- 4 қараша аралығында әр мектептен командалар аталған ойын түрлерінен бақ сынады. Командалар арасында алдымен қарсыластарын анықталып, өзара жеңімпаздарын анықтады.
Барлыбек Сырттанұлы атындағы №25 орта мектепте спартакиаданың алғашқы кезеңінің қорытындысы жарияланды. Төрт күнге созылған жарыстың бас төрешісі Беделхан Оңалбаев шараның өтілу барысына шолу жасап, ұстаздардың белсенділігін ерекше атап өтті.
Шахматтан:
І орынды №14 орта мектеп-гимназиясы,
ІІ орынды Барлыбек Сырттанұлы атындағы №25 орта мектебі,
ІІІ орынды Еркін ауылдық округіндегі мектепке дейінгі шағын орталығы бар №26 орта мектебінің командасы иеленді.
Үстел теннисі:
І орынды Барлыбек Сырттанұлы атындағы №25 орта мектебі,
ІІ орынды Сайын Мұратбеков атындағы №9 орта мектебі,
ІІІ орынды 17 орта мектептің командасы еншіледі.
Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарға Талдықорған қалалық кәсіподақ филиалының атынан дипломдар мен бағалық сыйлықтары табысталды.
Айта кетейік, алдағы уақытта білім саласының қызметкерлері тоғызқұмалақ, дойбы, волейбол сынды спорт түрлерінен сынға түсетін болады. Командалық есепте жарыстың қорытындысы 2023 жылдың наурыз айында жарияланады деп жоспарлануда.
Алматы облыстық білім, ғылым және
бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің
жергілікті кәсіподаның баспасөз қызметі