САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ ӨКІЛДЕРІ ЖЕТІСУДА
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева мен құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева Жетісу облысына келді. Кәсіподақ өкілдері әуелі жаңадан құрылған облыстық ұстаздарымен кездесті.
Жиынға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ерқат Мұқажанов, мекеме басшылары, аудандық, қалалық филиалдардың және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты. Шараны Алматы облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Мэлс Төлепбергенов жүргізіп, барша ұстаздар қауымын 25 қазан- Республика күнімен құттықтады. Кездесудің мақсатын айқындап, педагогтардың мәртебесін арттыру жолында жасалып жатқан жұмыстарды атап өтті. Ал, салалық кәсіподақтың төрайымы Айгүл Мақсатқызы атқарылған жұмыстарды көпшілікке таныстырып, қоғамдық бірлестіктің негізгі бағыттарын нақтылап берді. Облыстық білім басқармасының басшысы Ерқат Биғалиұлы облыс көлемінде ұстаздарға жасалып жатқан жеңілдіктерді айтып берді.
Кездесу барысында туындаған сұрақтарға салалық кәсіподақтың құқық бөлімінің бастығы Райхан Мамашиқызы жауап беріп, білім саласындағы мәселелер бойынша жан-жақты түсіндіріп берді.
Жетісу ұстаздарының атынан Талдықорған сервис және жаңа технологиялар колледжінің директоры Ләззат Базарқұлова алғысын білдіріп, кәсіподақ белсенділерінің жұмысына табыс тіледі.