ПЕДАГОГ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛДЫ
Атырау облысының Жылыой ауданына оқу бітіріп келген Гүлдана Ертүгелдің алғашқы еңбек жолындағы қым-қиғаш оқиғалар оның түрлі заңсыздықтың құрбаны болғанын, кейін әділдік іздеп жан-жаққа арыз жазуына себепші болды.
Алғашында жас маманмен 2021 жылдың 1 қыркүйек күні № 21 жалпы орта мектебі директоры жасаған арадағы еңбек шартында тарифтік тізімге енгізілмеді. Мұнымен келіспеген педагог «Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы» ММ-не арыз жолдайды. Алайда «Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы» ММ-нің мемлекеттік еңбек инспекторы «№21 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ-нің мұғалімі Г.Ж. Ертүгелдің арызы негізінде тексеріс жүргізіп, аталған мектеп әкімшілігі тарапынан ҚР еңбек заңнама бұзушылық болмағаны туралы қорытындыға келді.
Бұл шешімге қанағаттанбаған педагог «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ бұзылған құқықтарын қорғауды сұрады.
Осыған орай облыстық салалық Кәсіподақ өкілі Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына «Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы» ММ-нің инспекторы әрекетсіздігін заңсыз деп тану туралы талап арыз түсірді.
2022 жылы 18 мамыр күні өткен Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекторының әрекеті заңсыз деп танылып, жұмыс берушіге мұғалім Гүлдана Ертүгелдің заңды еңбек құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіру міндеттелді.
Жуырда, осы айдың 18-інде Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің баспасөз қызметі.