ҚАРАЖАЛДА - ЖАҢА ТӨРАҒА
Бүгін Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының Қаражал қалалық филиалының есеп беру - сайлау конференциясы өтті.
2018 жылы Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының Қаражал қалалық филиалы төрағасы қызметіне кіріскен Марина Жакупова күні бүгінге дейін өзіне жүктелген ауқымды міндеттерді абыроймен атқарып келді. Марина Ивановнаның бастамасымен кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, құқықтары мен міндеттерін қорғау жолында атқарылған ілкімді істерге оң бағасын берген конференция делегаттары төрағалыққа ұсынылған Маржан Сағындықованың кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Маржан Есенбайқызының білім беру ісіндегі еңбек өтілі - 16 жыл. Жоғары білімі бар. 2006 жылдан бері Қаражал тау-кен техникалық колледжінде еңбек етеді.
Есеп беру-сайлау конференциясының соңында кәсіподақ ардагері Вера Заика бастаған белсенділерге құрмет көрсетілді. Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Марат Қоңырбаев әріптесі Марина Жакуповаға кәсіподақтағы адал еңбегі үшін ризашылығын білдіріп, кеудесіне "Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін" Белгісін тақты. Сонымен қатар, төраға Әлеуметтік әріптестік жылы аясында Қаражал қаласы білім бөлімінің басшысы Қаламқас Оспанованы Қазақстандық салалық кәсіподағының Құрмет грамотасымен марапаттады. Құрмет төрінен табылған білім саласының бір топ үздігі Жезқазған Аймақтық Кәсіподағының Құрмет грамотасымен еленді.
Жаста болса еңбекте абырой биігінен көрініп жүрген жаңа төраға - Маржан Сағындықоваға сәттілік тілей отырып, еңбегі жоғары бағаланған қаражалдық ұстаздарды лайықты марапатымен құттықтаймыз.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы