ЖЕТІСУ ҰСТАЗДАРЫ ЖАРЫС АЛАҢЫНДА
Жетісу облысының білім басқармасы мен Алматы облыстық білім, ғылым және бюдеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы бірлесіп, «Менің ісім- өнеге» атты спартакиадасын ұйымдастырды.
Жарыстың ашылу салтанаты Талдықорған қаласындағы К.Ушинский атындағы №7 орта мектебінде өтті. Шараға аудандардан, қалалардан, облыстық деңгейдегі білім беру мекемелерден жалпы саны-12 команда қатысты.
Жетісу облысында алғаш рет ұйымдастырылған спартакиадаға қатысушы командалар ретпен ортаға шақырылып, Қазақстан Республикасының Гимні орындалды.
Шараны Дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Айбол Қасенов ашып, шараның мақсаты мен міндетін айқындап берді.
Ал, облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов болса жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ұстаздардың арасында спорттық ойындарды дамытып, салауатты өмір салтын насихаттау үшін сала қызметкерлеріне барынша қолдау танытатынын жеткізді.
Ұстаздар күніне орай ұйымдастырылған облыстық спартакиада да «Унисон» вокалдық тобы «Туған жер» әнін орындаса, «Бриллиант» тобы «Ұлар биін» билесе, №21751 әскери бөлімінің оркестрі өнерлерін көрсетті.
Спорттық шараның бас төрешісі Жандос Қанапиев мұғалімдердің волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, шахмат, әскери-қолданбалы спорт түрлерінен бақ сынайтынын айтып, барша қатысушыларды жарыс алаңына шығарып салды.
Екі күнге созылатын спартакиада жеңімпаздары ертең анықталатын болады. Жүлделі орынды иеленген ұстаздарға облыстық ұйымның бағалы сыйлықтары табысталады.
«Алматы облыстық білім, ғылым және
бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің
жергілікті кәсіподағы» ҚБ-нің баспасөз қызметі