«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ»: ЖАМБЫЛДА КӘСІПОДАҚ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫН ҚОЛДАДЫ
Биылғы Балалар жылы аясында аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету мақсатында өткен «Мектепке жол» республикалық акциясына еліміздің кәсіподақ ұйымдары белсенді қатысты.
Жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы аясында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы мен оның мүшелік ұйымдары 143 млн теңгеге 8692 оқушыға жәрдем етті. Жаңа оқу жылында әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу мақсатында ұйымдастырылған акция шеңберінде оқушыларға мектеп формасы, рюкзактар мен кеңсе тауарлары, аяқ киім мен өзге де мектепке қажетті құрал-жабдықтар алып берілді.
«Мектепке жол - шексіз қайырымдылық» ұранымен өткен науқанда Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының барлық деңгейдегі ұйымдары 407 балаға 13 млн. теңге көлемінде қаржы бағыттап, қайырымдылық танытты. Оның ішінде: 250.0 мың тг. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Орталық комитетінен, 400,0 мың тг. қаржы облыстық ұйымнан, ал 12 млн 334 мың тг. қаражат кәсіподақ филиалдары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының есебінен бағытталды.
- Бұл акция әлеуметтік қиын жағдайға тап болған балалар мен отбасыларды қолдауға бағытталған игі бастама. Біз балаларға жәрдем жасай отырып олардың ар-намысы мен тұлғалық құндылықтарына сызат түсірмеуге тырыстық. Әр бала бақытты болуға лайықты. Оларға көмектесе отырып біз еліміздің өркендеуіне жол ашамыз, елімізде дарынды, білімді, алғыр, дені сау ұрпақ өсуіне ұйытқы боламыз. Кәсіподақтың Орталық комитетінен бастап бастауыш ұйымдарға дейін белсенді қатысқан акция Президенттің балаларды қолдауға арналған бағдарлы саясатына қосқан үлесіміз, - дейді Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков.
Акция кыркүйектің соңына дейін жалғасатынын ескеретін болсақ, көмекті қажет ететін балалардың тағдырына бей-жай қарамайтын жомарт жандардың қолдауымен әлі де талай баланың арманы орындалып, мерейі таситын болады.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.