ОРАЛДА ҰСТАЗДАРДЫҢ ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ
Орал қаласында білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. «Білімнің басты құндылықтары: отаншылдық, білімге құштарлық, еңбекқорлық» тақырыбындағы конференция Жастар мәдениет сарайында өтіп, оған Орал қаласы әкімінің міндетін атқарушы М.Нұржанов, БҚО Орал қалалық кәсіподақ комитеті – Филиалының төрағасы Төлеген Темешев және білім беру саласының қызметкерлері, ардагер-ұстаздар қатысты.
Мәдениет сарайы фойесінде көрме ұйымдастырылды. Шара «Білімге құштарлық» қойылымымен бастау алды.
Пленарлық мәжілісті қалалық білім бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова алғысөзімен ашты. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша басты білім жетістіктерін атап, педагогтар қауымына алғысын білдірді. Сонымен қатар қаланың білім беру ұйымдарын дамытудағы негізгі тетіктерді, оның ішінде модельдік мектептерді дамыту басымдығына айрықша тоқталды.
Пленарлық мәжілістен соң БҚО Орал қалалық кәсіподақ комитеті – Филиалының төрағасы Төлеген Темешев құттықтау сөз алып, бір топ ұстаздарды білім беру жүйесінде ұзақ жылдар бойы адал еңбегі мен ұстаздық міндетін абыроймен атқарып, сапалы білім берудегі жетістіктері және қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқаны үшін Салалық кәсіподақтың Орталық комитетінің «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназия директоры, химия пәні мұғалімі Л.Юшина, Ж.Молдағалиев атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектеп директоры, орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі К.Хайранова, №37 жалпы орта білім беретін мектебі, мектеп директоры, математика пәні мұғалімі А.Жұмағалиеваларды және Салалық кәсіподақтың Орталық комитетінің «Құрмет грамотасымен» №8 «Сказка» бөбекжайының меңгерушісі М.Тулешева, №20 жалпы орта білім беретін мектеп директоры, тарих пәні мұғалімі Н.Өтеғалиева, №41 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі С.Нұрсапиналарды заттай сыйлықтармен марапаттап, гүл шоқтарын табыс етті.
БҚО ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ КОМИТЕТІ – ФИЛИАЛЫ