ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ПЕДАГОГТАРДЫҢ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ
Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбындағы облыстық тамыз конференциясы өтті. Педагогтардың дәстүрлі конференциясына Жамбыл облысының әкімі бастаған жергілікті мемлекеттік басқару органдарының өкілдері, кәсіподақ ұйымының өкілдері, еңбек ардагерлері, аудандық, Тараз қалалық бiлiм бөлімдерінің, білім мекемелері мен ұйымдарының басшылары қатысты.
Жиында атқарылған жұмыстарға талдау жасалып, алдағы жаңа оқу жылына қойған мақсат-міндеттер сараланды.
Тамыз кеңесін ашқан Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов жамбылдықтарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, алдағы жоспарларға тоқталды.
- Адам капиталын дамытудың негізі болып саналатын білім саласына облысымызда айрықша назар аударылып келеді. Биыл білім саласына 236 млрд.теңге бөлінді десек, бұл облыс бюджетінің 50 пайызынан асады. Саладағы инфрақұрылымды жетілдіре түсу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ағымдағы жылы 22 білім нысанының құрылысына 7,6 млрд. теңге қаржы қарастырылып, 6 пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қалған 10 мектеп құрылысы толық аяқталады. Оның 6 жаңа оқу жылында оқушылар үшін есігін айқара ашпақ. Бұдан бөлек, 4,2 млрд. теңгеге 19 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен 700,6 млн теңге бөлініп, жаңа үлгідегі кабинеттер жасақталуда. Бұл жұмыстардың сапалы, әрі мерзімінде орындалуын білім және құрылыс басқармаларына, аудан және қала әкімдерге тапсырамын, - деді Нұржан Нұржігітов.
Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов өз сөзінде ротациялау, мектеп директорларының командалық ауысуы, оқушылар арасында суицид және тағы да басқа өзекті мәселелер бойынша ашық айтып, олардың алдын алу бойынша жұмыстарды күшейту керектігін, кемшіліктер бойынша қабылданатын шаралар жеңіл болмайтынын ескертіп, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Өз кезегінде облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов жамбылдық педагогтер мен оқушылардың жетістіктеріне жан-жақты тоқталды.
- Биыл оқушыларымыз республикалық ғылыми жобалар жарысында командалық есепте 13 жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын жеңіп алды. Дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты республикалық пән олимпиадасының нәтижесі бойынша 16 жыл қатарынан «Үздік олимпиада мектебі» атанды. Облысымыздың 9 оқушысы жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша республиканың құрама командасына еніп отыр. Туркияда өткен ХІІІ Халықаралық жаратылыстану бағытындағы олимпиадаға Меркі ауданы, №9 мектеп-лицейі мен №39 мектеп-гимназияларының оқушылары қатысып, командалық І орынды иеленді, - деді басқарма басшысы.
Жиын барысында сөз алған ҚР Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева білім беруде рухани құндылықтарға барынша мән беру қажеттігін тілге тиек етіп, жаңа оқу жылындағы оң өзгерістер туралы баяндады. Ал, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова өскелең ұрпаққа патриоттық тұрғыда тәрбие беру және ерекше қажеттілігі бар балаларды назардан тыс қалдырмаудың маңыздылығын алға тартты.
Алқалы жиында сөз алған Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков саладағы жаңа әрі тың бастамалармен қатар қалыптасқан үрдістерге өзгеріс енгізу аясында педагогикалық ортада әртүрлі қарама-қайшы пікірлер мен көзқарастар тудырып отырған өзекті түйткілдер бар екенін, кәсіподақ өкілдері үшін сала қызметкерінің әлеуметтік ахуалы, оңтайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайы, тұрақты табысы, моральдық тұрғыда қалыпты көңіл-күйі ерекше маңызды екенін айтты. Білім саласындағы бірнеше мәселені ортаға салып, бірлесіп шешуді ұсынды.
- Білім мекемелеріндегі бақылау-қадағалау жөніндегі мемлекеттік құзырлы органдар тарапынан болатын әртүрлі тексерулер көп. Әрине, адам еңбек ететін, жасөсіпірім білім алатын әлеуметтік нысан болғандықтан ондағы санитарлық тазалық, өрт қауіпсіздігі сынды мәселелер маңызды. Бірақ сол талаптарға толық сәйкес болуға, материалдық-техникалық жағдайды мінсіз етіп жасауға толыққанды қаржы бөлініп отыр ма?! Мемлекеттік орган талапқа сәйкес - сәйкес еместікті тексеріп, кемшіліктерді анықтап, әкімшілік шара қолданғанда «Мемлекет – мемлекетке айыппұл салып отырған жоқ па?!» Сол қажетті жағдайды жасауға қаражат бермей, қосымша айыппұл арқалатып қойғанымыз дұрыс па?, - деді кәсіподақ төрағасы. Ал ұсыныс ретінде «Мемлекет қаржыландыратын мекемелерді тексеру барысында бірден айыппұл емес ескерту, ұсыныс беру, ал ең бастысы қаржы бөлуші «бюджет әкімшісі» деңгейінде осындай түйткілдерді шынайы шешу жолдары қаралып, ескерілсе» деді Ерұлан Сәбенұлы.
Іс-шарада өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі өзекті сұрақтар мен мәселелер айқындалып, облыстағы білім беру жүйесін жетілдірудегі міндеттер анықталып, еліміздегі білім саласына енгізіліп жатқан жаңалықтар таныстырылды. Мәселен, республикадағы 100 үздік мектептің қатарындағы Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №45 гимназия директоры Фарида Шортанбекова табысты мектептің тәжірибесімен, жетістікке жетудің жолымен бөліссе, Меркі ауданы, М.Әуезов атындағы мектеп-гимназияның биология пәнінің мұғалімі Эдуард Узбекбаев мектепте экологиялық алаңдар ашу, жас натуралистерді даярлау бойынша өз тәжірибесімен бөлісті, ал Құлан агротехникалық жоғары колледжінің директоры Олжас Мұсақұлов студенттерге еңбекқорлық, отаншылдық сезімді қалыптастыру нәтижесінде колледждің жеткен жетістіктеріне тоқталды.
Кеңес соңында облыстың білім беру жүйесін жетілдіруге қосқан елеулі үлесі үшін мектеп қызметкерлері мен «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған білім беру ұйымдары марапатталды. Ағымдағы жылғы «Орта білім беретін үздік ұйым-2022» грантының иегері Меркі ауданындағы №9 мектеп-лицейіне 34 млн. теңгенің сертификаты тапсырылды.
Ал «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған 6 білім мекемесіне кәсіподақ қорынан 1 000 000 теңгенің сертификаты табысталды. Сонымен бірге, «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауына қатысып, белсенділік танытқаны үшін бірнеше мектеп ұжымдары арнайы номинациялармен марапатталды.
Жиында бірнеше ұстаз өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге қосқан елеулі үлесі үшін «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Алқалы жиында бүкіл ғұмырын бала оқытып, шәкірт тәрбиелеуге арнаған сала ардагерлері де құрметке ие болды. Атап айтар болсақ Гүлнар Қосымова, Айман Садықова мен Нұрсаған Нәжетханов «ЕҢБЕК АРДАГЕРІ» медалімен марапатталды.
Осылайша мұғалімдердің мерейі тасыған мереке оқушылар сарайының тәрбиешілерінен құралған хордың орындауындағы «Атамекен» әнімен аяқталды.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы