«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» НАУҚАНЫ БАСТАУ АЛДЫ
Биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай балаларды қорғау, сапалы біліммен қамту, мүмкіндігі шектеулі және көпбалалы отбасындағы балалардың денсаулығын нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде.
Бұл бастамаға мемлекеттік мекемелерден бөлек қоғамдық бірлестіктерде қолдау танытты. Елдің ертеңі балаларға арнап «Алматы облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі ауқымды жұмыстарды атқарды. Кәсіподақ мүшелерінің сұранысына қарай материалдық көмек беріп, балаларды сауықтыру жұмысына көңіл бөлді. Облыстық ұйым, аудандық, қалалық филиалдардан 200 оқушы «Алтын-Чажа», «Шағала» лагерлеріне демалды. Бұл мақсатқа кәсіподақ бюджетінен 5 миллион теңге жұмсалды.
Бұдан бөлек, кәсіподақтың бастамасымен жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» науқаны ұйымдастырылуда. Аталған шара 2022 жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйек аралығын қамтиды.
Қоғамдық бірлестік кәсіподақ мүшелерінің тұрмысын сараптап, балаларының қажеттілігін анықтап, оқу жылына дайындық жұмыстарын жүргізіп, бүлдіршіндердің сұранысына қарай қажетті заттар толық қамтамасыз етуде.
Қайырымдылық шарасы Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайының мәжіліс залында өтті. Дәстүрге айналған шараны облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергенов жүргізіп, барша оқушылар мен ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Акцияның мақсаты мен міндетін айқындап, 17 оқушыға мектепке қажетті құралдарды табыс етті. Шараға қатысқан ата-аналарда өз кезегінде кәсіподақ ұйымына алғыстарын білдіріп, оқушыларға сәттілік тіледі.
Аталған шарада аудандық, қалалық филиалдарда алдағы уақытта да жалғасын тауып, қайырымдылық шарасы өткізілетін болады.
«Алматы облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ-нің баспасөз қызметі