ОРАЛДА ЖАҢА БАСТАУЫШ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ ҚҰРЫЛДЫ
Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Орал қалалық комитеті – филиалы төрағасы Төлеген Темешев және маман Айнұр Таутенова №47 «Бәйтерек» бөбекжайында болып, ұжыммен кездесті. Ұжымда 84 қызметкер жұмыс істейді.
Кездесу барысында төраға Төлеген Темешев «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық ұйымы» Орал қалалық комитеті – филиалының жұмысының негізгі бағыттары, еңбек заңдылықтары, ұжымдық шарттың жасалу шарттары, 2021 – 2023 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы облыстық келісім, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерінің қорғалуы және кәсіподақ мүшелеріне көрсетілетін жеңілдіктер мен қайырымдылық көмек түрлері туралы түсіндірді.
Қалалық кәсіподақ маманы Айнұр Таутенова ұжымдағы жеке еңбек дауларының Келісу комиссиясы арқылы реттелуі мен еңбек қауіпсіздігін сақтау үшін өндірістік кеңестің құрылуы туралы ережелерді түсіндіріп, жаңадан құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымына сәттілік тіледі.
Балабақша меңгерушісі Тойындық Мұқатова қалалық кәсіподақ мамандарына өз алғысын білдіріп, балабақшада ашылған бастауыш кәсіподақ ұйымы қызметкерлердің көңіл күйіне ғана емес, жұмыс сапасына да себепші болуы керек екенін айтты.
Кәсіподақ белсенділері бастауыш кәсіподақ ұйымының алдағы тұрған мақсаттары мен міндеттері туралы өз ойларын ортаға салды.
Бұл бастауыш ұйымның жаңадан құрылуы кәсіподаққа деген сенімнің арта түскенін көрсетеді.