АҚТӨБЕЛІК ҰСТАЗДАР ШИПАЖАЙДА ТЫНЫҒЫП, ДЕНСАУЛЫҚТАРЫН НЫҒАЙТУДА
Еңбек адамының денсаулығына қамқорлық жасау— кәсіподақтың назарынан тыс қалған емес. Әр оқу жылының күзгі, қысқы, көктемгі және жазғы каникулы уақытында Ақтөбе облыстық білім және ғылымқызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы сала үздіктерін марапаттап, оларға шипажайларға тегін жолдама ұсынады. Игі дәстүрге айналған шара биыл да жалғасын тапты.
Өткен жылы 1441 педагог облыстық кәсіподақ есебінен шипажайларда демалса, биыл жыл басынан бері 1500-ден астам ұстаз емдеу-сауықтыру шараларымен қамтылды. Мұғалімдер «Мерке-Родон», «Сарығаш», « Сосновый бор»,«Жаңақорған», «Денсаулық», «Щучинский», «Сарыағаш суы», «Айша бибі», «Шипагер», «ЮКОН», «Зәру» сияқты еліміздің ең таңдаулы шипажайларында тынығып, тыныс алу жүйесі, асқазан-ішек жолдары, тірек-қимыл аппараты, жүйке жүйесі, урологиялық, гинекологиялық өзге де ауруларды емдеуге және алдын алуға мамандандырылған сауықтыру орталықтарында денсаулықтарын нығайтты.
Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелері үшін танымдық саяхаттар ұйымдастырылуда. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында "Қазақстанның киелі жерлер географиясы" жобасы аясында Ырғыз аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының қолдауымен 40 педагог Шымкент, Түркістан қалаларының көрікті жерлері мен киелі орындарды аралады. Атап айтсақ, "Ғайып Ерен Қырық Шілтен", Нұх пайғамбардың кемесі қалған Қазығұрт тауы, Домалақ ана кесенесі, Арыстан баб пен оның шәкірттері Лашын баб, Хермет-Әзіре, Қарға баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне ат басын тіреп, тәу етті. Үкаша ата құдығынан зәмзәм суынан дәм татып, М.Шахановтың "Отырар дастанында" жырланған Отырар даласында болды. Және соңғы үлгіде салынған "Керуен сарай" туристік кешеніне барды. Күмбірлеген қазақ күйінің ырғағымен тербелген "биші фонтандарды" тамашалап, халық аузында «Кіші Венеция» атанған қала ішінде өзенде қайықпен серуендеді. Сондай-ақ, алтын түсті алып жұмыртқа келбетіндегі ерекше театр-музейдің кереметіне көз жеткізді. Мұнда қазақ халқының тарихына жаңа технологиялардың көмегімен, 8D форматында әсерлі саяхат жасауға болады.
«Мұғалім деген қадірлі мамандық иелеріне, осындай мәдени,тарихи жерлерді көруге мүмкіндік берген кәсіподақ ұйымына алғысымыз шексіз. Рух дүниеміз байып, таным көкжиегіміз кеңіп, керемет сезімге бөлендік»,-дейді кәсіподақ мүшелері.
Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын таппақ.