АТЫРАУДА ҰСТАЗДАРҒА 900 ЖУЫҚ ЖОЛДАМА ТАРАТЫЛДЫ
Міне, жаз келді! Барша білім беру саласындағы қызметкерлер заңды еңбек демалысына шығып жатыр. Олардың демалысын ыңғайлы да тиімді ұйымдастыру үшін «Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі өткен жылдың соңында дайындық жұмыстарын бастап та кеткен еді. Еліміздің таңдаулы шипажайларымен келісссөздер жүргізіліп, келісім шарттар жасақталды. Соның нәтижесінде республикамыздың көрікті жерлеріндегі 11 емдеу-сауықтыру орындарынан 871 жолдама алынып, облыстық салалық ұйымға қарасты қала, аудан және бастауыш ұйымдарға жеңілдікпен таратылып берілді.
Шындығында бұл жұмыстар біз үшін ерте басталды. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың Наурыз мерекесі қарсаңында облыстық ұйым мен қала, аудандық филиалдар есебінен қаржыландырылып аймақтағы білім беру ұйымдарындағы 50 кәсіподақ мүшелері «Атырау» шипажайында тегін демалды. Олардың жылы лебіздері республикалық баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде жарияланды. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы, іргедегі шипажай емінің жоғары екенін енді білдік!
Осы жолы биылғы жылғы бөлінген жолдамаларды алған филиал жетекшілері ішкі қаржылық есебінен тағы да жеңілдік жасап жатқаны көңілге жылы ұялатты. Атап айтқанда, Атырау қалалық салалық ұйымы 105 кәсіподақ мүшесіне (олардың ішінде көп балалары бар), Жылыой ауданы – 20, Исатай ауданы – 15 (оқушылары олимпиядалардан, спорттық ойындардан жүлделі орын алған), Қызылқоға ауданы – 15 және Құрманғазы ауданы – 6 кәсіподақ мүшесіне 100 пайыз жеңілдікпен шипажайға жолдама берді. Мұндай ұнамды бастамалар басқада ұйымдарда да жалғасын табу үстінде.
Кәсіподақ қызметінің негізгі бағыты кәсіподақ мүшелерінің заңды еңбек құқықтарын қорғау болғанымен, әлеуметтік жағынан да қолдау біздің абыройлы міндетіміз. Жуырда ғана облыстық ұйым есебінен қатерлі ісікке ұшыраған 2 кәсіподақ мүшесіне ота жасату үшін және 1 адамға дәрі-дәрмек алуы үшін қаржылай көмек берілді.
«Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ