КӨКШЕДЕГІ КАНИКУЛ
КӘСІПОДАҚ ҚОЛДАУЫМЕН 15 БАЛА ЛАГЕРЬДЕ ДЕМАЛУДА
Еліміздің ертеңі саналатын жас ұрпақты қолдаудың жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы балаларды сауықтыру мәселесін күн тәртібінен түсірген емес. Өткен жылы 251 балғынды Көкшетаудағы «Дисковери», «Чайка», Алматыдағы «Маралсай», Балқаштағы «Жас қанат», Жоламан ауылындағы «Ақтоғай», Бектау ата үңгірі маңындағы «Факел» жазғы сауықтыру лагерінде дем алдырған кәсіподақ Балалар жылы аясында игі дәстүрді жалғастырды.
Биыл Сәтбаев қаласындағы кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлнәр Ілиясова алғашқылардың бірі болып «Чайка» лагерімен келісім-шарт жасасты. Осылайша, сәтбайлық кәсіподақ мүшелерінің 15 баласы бүгіннен бастап таза ауамен тыныстап, көкпен таласқан тауларға көз тастап, әсем табиғатпен үндесуге мүмкіндік алды. Он күнге жоспарланған демалыс кезінде ұл-қыздар 5 мезгіл тамақтандырумен қатар саяхат, спорттық жарыстар мен өнер кештері, білгірлер бәйгесі сынды мәнді де мазмұнды шаралармен қамтылмақ. Қорыта айтқанда, кәсіподақ мүшелерінің бауыр еті – балалары лагерьде тынығып қана қоймай денсаулығын нығайтып, жаңа достар тауып, қызыққа кенеліп, ұмытылмас әсер алатыны сөзсіз.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Балалар жылын ұрандатып, мереке түрінде атап өтпей, ең алдымен, олардың денсаулығына, білім алуы мен әлеуметтік қамсыздандыруына баса назар аудару керек деген тапсырмасын орындауға асыққан Жезқазған аймақтық кәсіподағы мен оның филиалдары алдағы күндері де балалардың бақыты үшін аянып қалмайды.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі