ТӨСБЕЛГІ ЕРЕЖЕСІ МЕН ЭСКИЗІ БЕКІТІЛДІ
Салалық кәсіподақтың Атырау облыстық ұйымының Атқару комитетінің кезекті мәжілісінде Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім Академиясы, «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті» КеАҚ және «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастыруымен Халық мұғалімі, Атырау облысының Құрметті азаматы, профессор Қ.Айтқалиевқа арналған «Рухани жаңғыру: жаңартылған білім беру және тәрбие» атты тақырыбында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция қарарын жүзеге асыру мақсатында «Халық мұғалімі Қ.Айтқалиевқа арналған» төсбелгі Ережесі мен эскизі бекітілді.
Ережеге сай, Құсиын Айтқалиевқа арналған «Үздік педагогикалық қызметі үшін» атты төсбелгісіне үміткер, кәсіподақ мүшесі қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны, оқытудың жаңа әдістерін енгізгені, оқу құралдары мен жаңа бағдарламаларды ендірудегі жетістіктері, жоғары немесе біліктілік санаты бар шығармашылық белсенділігі, конкурстар жеңімпазы, мінсіз қызметі, шәкірттері олимпиадаларда жеңімпаз болған, білім беру мен ғылым саласындағы үздік жетістіктері үшін марапатталады.
Марапатқа ұсынылған кандидатуралар бұрын салалық кәсіподақ ұйымдарының марапаттарын алғанын растайтын құжаттарын беруі тиіс. Құжаттары білім беру ұйымдарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жалпы жиналыстарының хаттамасына және марапаттау парағына сәйкес болуы шарт.
Арнайы комиссия кәсіподақ ұйымдары ұсынған құжаттардың қойылған талаптарға сәйкестігі мен толықтығын тексереді, шешім шығарады және төсбелгі 10 қазан – «Кәсіподақ күні» тапсырылады.