БИ ФЕСТИВАЛІ БАЛАЛАР ЖЫЛЫНА АРНАЛДЫ
Мемлекеттік басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2022 жылды –Балалар жылы» деп жариялады. Балалар жылына орай және 1 Маусым балаларды қорғау күні қарсаңында мектепке дейінгі ұйымдардағы би өнеріне қабілетті тәрбиеленушілерді анықтау, өнерге баулу, сахна мәдениетін үйрету, шығармашылық қабілеттерін шыңдау, өздерін бір сәт кішкентай жұлдыздардай сезіндіру, балалардың шығармашылық талпынысын арттыру, қолдау көрсету мақсатында білм беру ұйымдарында жұмыс жасайтын кәсіподақ мүшелерінің 5-6 жас балалары арасында «Балалық шағымның шуақты күні» атты балалар фестивалі өткізілді.
Балалар фестиваліне 108 бүлдіршін қатысып, 4-6 баладан құралған топтық би түрлерін ортаға салды. Байқаудың ашылу салтанатында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облысы ұйымының ұйымдастыру қызметтері жөніндегі маманы Аманиязова Асылтас Базарбайқызы мен Мұнайлы ауданы білім бөлімінің басшысы Батырбек Демократұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Фестивальдағы бүлдіршіндердің биін саралаушы педагог-хореограф мамандар би позицияларындағы кемшіліктерді ескере отырып, көркемдік образды аша алмауын және сахна мәдениетінің сақталмауын сөзге тиек етіп, мектепке дейінгі ұйымдардың хореграф мамандарына кішкентай бүлдіршіндерге би таңдауда балалардың жас ерекшелігін ескеру керек және сонымен бірге музыка ырғағымен бірге қадам жасауға үйретумен қатар, балаларға қозғалысты мәнді де сәнді етіп шығаратын дене сұлулығы туралы да ұғым беру керек екендігін айтты.
Барлық қатысушы балдырғандарға Мұнайлы аудандық кәсіподақ филиалынан сыйлықтар таратылды.
Р.Текеева,
Мұнайлы аудандық филиалының төрайымы
Маңғыстау облысы.