МАҢҒЫСТАУДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТКІЗІЛДІ
Кеше 24 мамыр күні Ақтау қаласында «Әлеуметтік әріптестік» жылы аясында Маңғыстау облысы білім беру қызметкерлерінің «Білім беру қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша кәсіподақ қызметінің өзекті мәселелері» атты республикалық семинар-кеңесі өткізілді.
Семинар-кеңеске Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева, ҚР Білім және ғылым министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің бас сарапшысы Алтай Рахымберлин, Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева, сондай-ақ облыстың техникалық және кәсіптік білім беру колледждерінің басшылары, орынбасарлары, есепшілері, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары және білім басқармасы, облыстық кәсіподақ ұйымының қызметкерлері барлығы 100 жуық адам қатысты.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің бас сарапшысы Алтай Рахымберлин техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту туралы ақпарат берді.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева Қазақстан Республикасы конституциясына енгізілетін өзгерістерге байланысты Бүкілхалықтық референдум жобасын түсіндіріп, жиналғандарды саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды. Айгүл Мұқашева сонымен қатар Салалық кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарына тоқталып, кәсіподақ мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.
Құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева білім беру ұйымдарындағы Келісу комиссияларының жұмысы туралы айтып өтті.
Семинар соңында әлеуметтік әріптестікті дамытуға белсенді атсалысып, кәсіподақ қозғалысының өрістеуіне ықпал етіп жүрген әлеуметтік әріптестер, белсенді кәсіподақ көшбасшыларын«Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды.
2 сағатқа созылған семинар - кеңестің барысында облыс мамандары көптеген өзекті сауалдарын жолдап, жауаптарын алды. Сонымен қатар, осындай кездесулер жиі ұйымдастырылса деген тілектерін жеткізді.
Дәл осындай кездесу Мұнайлы ауданының Атамекен селосындағы N12 мектепте жалғасын тапты.
Салалық кәсіподақтың Маңғыстау облыстық ұйымы
-
Фотографии
-