ЖАРҚЫН ЕЛДІҢ ШАМШЫРАҒЫ
«Ұстаз…! Жасқану мен қорқынышты білмейтін батыл, ержүрек жан» деген даналықты ғибрат етіп, ұлы жолға батыл қадам басқан жастарды қолдап, кәсіби өсуіне ықпал етуді күн тәртібінен түсірмейтін Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының 2022 жылға арналған желілік кестесіне сәйкес Ақтоғай аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Дархан Манағұлұлының қолдауымен Сарышаған кентіндегі мектеп базасында "ЖАС КЕЛСЕ, ІСКЕ" сайысы өтті.
Жас педагогтардың жігерін жанып, оқу-тәрбие үдерісіндегі кәсіби шеберлігін жетілдіруді мақсат еткен шығармашылық байқауды жоғары деңгейде ұйымдастырған бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Мөлдір Әділханқызы мен оның бастамасын қос қолдап қолдаған директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шынар Шайнабаева мен педагог-ұйымдастырушы Ганият Жанбырбайұлының еңбегін атап өтпеске болмас. Есімдері аталған кәсіподақ белсенділері ұйымдастыру жүмыстарынан бөлек жас мамандардың басы-қасынан табылып, тәжірибесімен бөлісіп, жеңіске жақындатуға қомақты үлес қосты.
Педагогикалық шеберлік пен жан-жақтылықты, өнерді қажет ететін бірнеше кезеңнен құралған сайыстың қорытындысы бойынша Бас жүлдені Алина Хажибекова жеңіп алды. Жүлделі І орын Қарлығаш Сайдахметке бұйырса, жүлделі ІІ орын - Елдос Тәжіғұлдың еншісінде. Болашағынан зор үміт күттіретін Айтолқын Байтөлеу жүлделі ІІІ орын иегері атанды.
Сарышағанды бәсекеге толтырған сайыстың салтанатты жабылуында жас толқынға өмірі мен еңбек жолын өнеге ету мақсатында саналы ғұмырын бала оқыту ісіне арнап, бүгінде ұлағатты ұстаз есіміне лайық тарихшы Рустем Қырғызбайұлының кеудесіне салтанатты түрде "Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісі тағылды.
Тәлімгерге аяғынан тік тұрып, құрмет көрсеткен жас мамандар "Жұғысты болсын!" деген тілекпен серпілтіп, ізденіске бастаған байқаудың өтуіне мұрындық болған салалық кәсіподақтың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Жезқазған аймақтық кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-