КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНЕ АЛДАҒЫ РЕФЕРЕНДУМНЫҢ МАҚСАТЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Республикалық референдумды кәсіподақ мүшелеріне кеңінен түсіндіруді мақсат еткен кезекті кездесу Маңғыстау аумақтық кәсіподақтар орталығында өтті.
Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілуге жоспарланып отырған өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында «Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Үйлестіру кеңесінің мәжілісінде өткен басқосуға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, «Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасының м.а. Мадина Байболатқызы «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» ҚБ мамандары, Мұнай сервистік мекемелер басшылары мен өкілдері, кәсіподақ ардагерлері, салалық кәсіподақ филиалдарының төрағалары қатысты.
Бастауыш кәсіподақ мүшелерімен кездесуде кәсіподақ мүшелеріне елімізде жүргізіліп жатқан саяси өзгерістер Мемлекет басшысының қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру, Қазақстанның әрбір азаматының мемлекеттік басқаруға қатысу үлесін арттыру үшін жасалуып жатқаны айтылды.
Осы орайда, кәсіподақ белсенділері Мемлекет басшысының бастамаларын қолдай отырып, барша кездесуге қатысушыларды азаматтық ұстанымын танытып, алдағы 5 маусымда өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Кездесу соңында жиналғандар Ата заңға енгізілгелі отырған өзгерістер мен толықтыруларға қатысты өз пікірлерін ортаға салды.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» ҚБ