ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТЕР СПОРТТЫҚ ТУРНИРДЕ БАҚ СЫНАСТЫ
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен жарияланған «Әлеуметтік әріптестік жылына» орай Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен шахмат, тоғызқұмалақ және үстел теннисінен облыстық турнир өтті.
Спорттық шараға аудандық кезеңде жеңімпаз болып танылған білім беру ұйымдарының басшылары қатысып, бақ сынады. Жарыс алаңында мектеп директорлары, мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының басшылары, тіпті білім бөлімінің тізгінін ұстаған әлеуметтік әріптестердің бой көрсетуі жарыс көрігін қыздыра түсті.
Әлеуметтік әріптестер бір сәт күнделікті қатаң үлгідегі киімдерін спорттық костюмге ауыстырып, бой сергітті, интеллектуалдық қабілеттерін танытып, спорттық қырларынан танылды әрі салауатты өмір салтын ұстанудың үлгісін көрсете білді.
Турнирге қатысушыларды салалық білім кәсіподақ ұйымының төрайымы Раушан Серікова құттықтап, сәттілік тіледі.
«Әлеуметтік әріптестік жылы аясында кәсіподақ ұйымдарымен жылдар бойы ынтымақтаса жұмыс істеп келе жатқан әлеуметтік әріптестерге басымдық беріліп, бірқатар іс-шаралар өткізу, ауқымды жобалар жүзеге асыру жоспарда бар. Білім беру ұйымдарының басшылары арасында ұйымдастырылған турнир солардың бір парасы. Спорттық шараның аудандық кезеңі- әлеуметтік әріптестердің тек педагогикалық ортамен шектелмей, қоғамдық жұмыстарға да немқұрайлы қарамайтынын көрсетті. Жалпы кәсіби спортшыларға тән жауапкершілік, ширақтық, интеллектуалды ойлау қасиеттері білім ордаларын басқарып отырған педагогтерге де жат емес деп ойлаймын. Сондықтан алтын уақыттарыңызды бөліп, турнирге қатысып,белсенділік көрсеткендеріңіз үшін сіздерге алғысымды білдіремін»,- деді Р. Серікқызы.
Сайыс қорытындысы бойынша командалық есепте жүлделі І орынды Мәртөк ауданының педагогтері жеңіп алды. ІІ орынды Ырғыз ауданы еншілесе, III орын Темір ауданының командасына бұйырды. Олар Ақтөбе облысының білім басқармасы мен білім кәсіподағының бірлескен дипломымен, кубокпен және қаржылай сертификатпен марапатталды. Білім саласында жемісті еңбек етіп, ұзақ уақыт басшылық қызметте келе жатқан
Шалқар ауданы, №1мектеп-гимназиясының директоры Мұхтар Оңғаров пен Ойыл ауданы, Құрман орта мектебінің директоры Нұрлыгүл Таушановаға «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар, Ырғыз аудандық білім бөлімінің басшысы Аманжол Бақраман Қуанышұлына емдеу-сауықтыру орталығына жолдама берілді.