ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАНДАР
Қартын қазынасына балап, ардагерін ардақтауды парызы санайтын Жезқазған аймақтық кәсіптік одағының Балқаш қаласындағы көшбасшысы Асем Айтжанова Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығы аясында балалық шағын соғыс ұрлаған аға ұрпақтың амандығын сұрай барды.
Бүгінде Балқаш қалалық кәсіподақ филиалы бұғанасы бекіп, буыны қатпаған жасына қарамастан тылда бел жазбай еңбек еткен 8 ардагерге қарайласып, қолдау көрсетеді. Өздері тоя тамақ жемей, ұйқысы қанбаса да күндіз-түні бел жазбастан еңбек етіп, майдандағы жауынгерлерді оқ-дәрімен, азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз еткен балқаштық К.А.Толендинова, А.Н.Драгунова,В.Ф.Пархоменко, К.Б.Байдагулов, Р.Т.Вдовина, Е.П. Дьячкова, З.С.Кагазбекова, Б.Т.Толеуов бейбіт заман орнағанда ұстаздықты жолды таңдап, бала жанының бағбандары атанды. Еңбегінің зейнетін көрер шаққа жетсе-дағы жүрегі шәкірт деп соғатын білім саласының ардагерлері бойындағы қажыр- қайратын өңірдің өркендеуіне, мол тәжірибесін жастарға дарытуда аянып қалмақ емес.
Соғыстың бар ауыртпалығын қажырмен көтеріп, патриотизмнің шынайы үлгісін көрсеткен тыл еңбеккерлерінің Жеңісті жақындатуға қосқан үлесі мен ерен еңбегіне алғыс айтып, басын иген Әсем Бекенқызы ардагерлерді қаржылай қолдап, сый-таралғыларын ұсынды.
Жан-жақты қолдау мен зор құрметке ие болған ұлағатты ұстаздар өткен күннен сыр шертіп, тылдағы ерен еңбек пен соғыс даласындағы ерліктің арқасында қол жеткен тыныш өмір енді ұзағынан болса деген жалғыз тілегі барын айтып, кәсіподақ белсендісіне ақ батасын берді.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі