ЕРЛІК ЕШҚАШАН ЕСКІРМЕК ЕМЕС
Фашистік Германияны тізе бүктіріп, Жеңіс жалауын желбірету оңай болмады. Бес жыл бойы жан алысып, жан беріскен ата-бабамыз Жеңісті бізге ержүрек батырлығымен, ерлік жігерімен, сондай-ақ маңдай терімен әкеліп, аманаттады. Ұлы Отан соғыстың аяқталғанына 77 жыл өтіп, зардабы алыстағанымен, сол бір сұрапыл жылдар біздің жадымызда мәңгілік жаңғырып, сақталып қалмақ. Өйткені, қазақтың кең байтақ жерінде соғыс оты шарпымаған отбасы кем де кем.
Қазіргі таңда Жезқазған қаласында саналы ғұмырын білім саласына арнаған 184 ардагер бар болса, оның 17-сі - жастайынан тылдағы еңбекке жұмылдырылғандар. Аға ұрпақтың өнегеге толы өмірінен тәлім алып, ерлігін жастарға үлгі ете жүріп, оларды құрметке бөлеуді игі дәстүрге айналдырған Жезқазған аймақтық кәсіподағының мысты өлкедегі көшбасшысы Ляззат Кунедилова Жеңіс күні қарсаңында тыл ардагерлерін аралады. Жылы сөзбен жүректерді жылытып, сый-таралғымен көңілін аулаған жүздесулерге қалалық білім бөлімінің басшысы Женис Алмаганбетов те қатысуға ниет танытты.
Аралауды Теректі стансасында тұратын Ахмедия Наурызбаевтың шаңырағынан бастаған Ляззат Асанқызы еңбек ардагері Жәукен Бәйішевтің, Галина Рыжкованы да құттықтай барды. Есімдері аталған дария кеуде, тау мүсін қариялар - "БӘРІ де ЖЕҢІС үшін" деген ұранмен уақытпен санаспай жанқиярлық еңбектің үлгісін көрсеткендер.
Жастық шағы қан майданмен тұспа-тұс келген ардагер ұстаздар сұрапыл соғыс уақытында соқа айдап, қозы бағып, қой қырқып, еңбекке ерте араласқандарын, түнімен шешесі мен әжелеріне жүн түтіп, жіп иіруге қолғабыс еткендерін еске алды. Өткенге салауат айтып, бүгінгідей қой үстіне бозторғай ұя салған бейбіт заманның жалғасуын тілеген тыл ардагерлері кәсіподақтың қолдауы мен қолпаштауына разы болысып, ынтымағы жарасқан Қазақстанның болашағы бұдан да жарқын әрі кемел боларына сенім білдірді.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі