ЖЕҢІС КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ТУРНИР
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығына орай Жамбыл облысы Жуалы ауданының білім саласы қызметкерлері арасында волейболдан аудандық жарыс өтті. Жарысқа 15 команда қатысты. Іс-шараны аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов пен Жуалы аудандық білім кәсіподағының төрайымы Гүлнұр Қадырбек ашты.
Кәсіподақ төрайымы ұстаздарды мерекемен құттықтап, ұйымдастырылған жарыстың мақсатын анықтап берді. Білім қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттауда кәсіподақ ұйымының ықпалы жайында айтты.
Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған жарыс тартысты өтті. Командалар 4 топқа бөлініп, өзара бақ сынасып, мықтыларды анықтады. Әр топтан жеңіске жеткен командалар жартылай финалды сарапқа салды. Жарыстың қорытындысында Жуалы аудандық бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының әдіскері Болат Жанабаев волейбол ойынының өту барысына шолу жасап, бекітілген ережеге сәйкес өткенін, жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, алдағы уақытта ескерілуі тиіс бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Шараны аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлнұр Қадырбекқызы қорытындылап, жеңімпаздарды марапаттады.
Тартысты өткен жарыста І орынды №15 мектеп-лицейінің командасы жеңіп алса, М.Ломоносов атындағы орта мектебінің ұстаздары ІІ орынды иеленді. ІІІ орын А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінің командасына бұйырды. Сонымен бірге, жарыс барысында көзге түсіп, оқ бойы озық тұрған спортшылар да жеке-дара сыйлықтарды иемденді. Ақылбек Қожахметов - «Үздік қорғаушы» атанса, «Үздік ойыншы» болып Мамыт Мұқанов танылды. «Үздік төреші» номинациясы Бақытжан Елепаев пен Мейрімхан Сырымовқа берілді.
Барлық жеңімпаздарға Жуалы аудандық кәсіподақ филиалы атынан заттай сыйлықтар табыс етілді. Жуалы аудандық бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы атынан кубок, медальдар және арнайы дипломдар берілді.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Жуалы аудандық комитеті
-
Фотографии
-