КӘСІПОДАҚ ӨКІЛДЕРІ АРДАГЕРЛЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ
Адамзат тарихында өшпес орын алған екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 77 жыл толды. Жастайынан ұрысқа араласып, елі мен жері үшін ерлік көрсеткен ардагерлердің қатары сиреп, жасы ғасырға жуықтады.
Ұлы тұлғаларға құрмет көрсетіп, Жеңіс күні мерекесі қарсаңында «Алматы облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Мэлс Төлепбергенов бастаған белсенділер білім беру саласында жұмыс істеген ҰОС мен тыл ардагерлерінің үйіне барып, жағдайымен танысты.
Дәстүрге айналған шара Талдықорған қаласының тұрғыны Қаңтарбай Сәрсенбайды құттықтаудан басталды. Ардагер соғыс жылдарын есіне алып, 18 жасында әскер қатарына алынып, Шығыс Пруссияны, Прибалтика, Польша жерлерін азат етуге қатысқанын жеткізді. Соғыс аяқталып, туған жеріне оралғанда да еңбектен қол үзбей өскелең ұрпаққа білім беру ісімен айналысып, мыңдаған шәкірт тәрбиелегенін айтты. Кәсіподақ өкілдеріне батасын берді.
Ал, Көксу ауданындағы ҰОС ардагері Огнев Николай Иванович соғыс жылдары аяқталғаннан кейін білім саласына қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталғанын айттып, соғыстың салдарын сөз етіп, ендігі кезекте ұрпақтың амандығын тілейтінін айтты.
Қар жастанып, мұз төсенген отты жылдарда, сыз окоптарда шыңдалған жауынгерлік достықтың, әр ұлт өкілдерінен құралған әскери құрамдардың қайталанбас ерлігі мен өрлігінің белгісіндей болған қос ардагерден кейін қоғамдық бірлестіктің басшылары Ескелді ауданының тыл ардагері, 53 жыл білім саласында жұмыс істеген ұстаз Останина Фаина Константиновнаның тұрмыс жағдайымен танысты. Мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Құлмұханұлы ардагерлердің білім саласына сіңірген ерең еңбектеріне алғысын білдіріп, кәсіподақтың атынан құттықтау хаты мен бағалы сыйлықтарын табыс етті.
«Алматы облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ баспасөз қызметі