КӘСІПОДАҚ ТЫНЫСЫ: ТАРБАҒАТАЙДА КӘСІПОДАҚТЫҢ ЕКІ ФИЛИАЛЫ ҚҰРЫЛДЫ
2022 жылдың 25 сәуір күні білім беру қызметкерлерінің Тарбағатай аудандық кәсіподақ ұйымының кезектен тыс есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Конференция жұмысына аудандық әлеуметтік серіктес, аудандық білім бөлімінің басшысы С.Н.Дауытбаева қатысып, педагогтар мүдделерінің жергілікті ауданда жүзеге асырылуына білім бөлімінің атқарған жұмыстары туралы мәлімет берді.
Конференция делегаттары аудандық кәсіподақ ұйымын екі филиалға бөлу туралы ұсынысты талқылап, 107 делегаттың 106 қолдау білдірді.
Шығыс Қазақстан облысы жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Н.Қасенова «Президентіміз Қ-Ж. Тоқаевтың елді мекендерді әкімшілік аудандарға және облыстарға бөлу туралы өз Жолдауында айтқан бастамалары кәсіподақтан қолдау тапты. Бүгін ауданда 2 кәсіподақ филиалын құрып жатқанымыз ауданды екіге бөлу емес, ондай құзірет кәсіподақта жоқ. Басты мақсатымыз – қоғамдық ұйым жұмысының әр аумақта өз мүшелері үшін атқаратын істерін қолжетімді ету. Ал бір ауданда 2 филиал құру саны жағынан да, заңнамалық талаптар тұрғысынан да Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексін, Қоғамдық бірлестіктер туралы, Кәсіптік Одақтар туралы Заңдарды, сондай-ақ Салалық кәсіподақ Жарғысын басшылыққа ала отырып жасалды» деп мәлімдеді.
Тарбағатай ауданы Ақжар аумақтық кәсіподақ құрамына 36 бастауыш кәсіподақ ұйымы, ал Тарбағатай ауданы Ақсуат аумақтық кәсіподақ құрамына 33 бастауыш кәсіподақ ұйымы кіріп, екі филиал құрылды.
Конференцияда Ақжар аумақтық кәсіподақ ұйымының филиал төрағасы және жұмыс органдары (Комитет, Атқару комитеті, тексеру комиссиясы) сайланды.
Білікті басшы ретінде таныла білген бірнеше бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларына және аудандық кәсіподақ ұйымының есепшісі Ж. Үмітхановаға Құрмет грамоталары табыс етілді.
Аудандық кәсіподақ төрағасы С.З. Ахметкалиевке Салалық кәсіподақтың «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» төсбелгісін табысталды.
Конференцияға келген делегаттармен болған сұбхаттасуда және жеке қоғамдық қабылдауда Н. Касенова кәсіподақ мүшелерінің көкейінде жүрген сұрақтарына жауап беріп, 2 мәселе – мектепалды даярлық топтарының педагогтарының жалақысының есептелу және төлену тәртібі, уақытша еңбекке жарамсыздық жәрдемақысының төленбей отырғаны туралы фактілер облыстық кәсіподақтың бақылауына алынып, еңбек қатынастарын реттеу және ұстаздардың құқығын қорғау –кәсіподақ назарында екенін ерекше атап өтті.
Жұмыс күнінің екінші бөлімі жаңадан сайланған Ақжар аумақтық кәсіподақ ұйымының төрағасы және Комитет мүшелерімен ұйымдастыру, ісқағаздарын жүргізу сұрақтары бойынша әдістемелік көмек-семинар өткізілді.
26 сәуір күні іссапар Ақжар ауылындағы мектептен тыс мекемелердің Өнер және Саз мектептерінің ұжымдарымен кездесумен жалғасты. Кездесу барысында екі ұжымның мүшелері өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, еңбек қатынасы мен мектептен тыс мекемелер қызметкерлерінің аттестациялану үрдісіне қатысты Үкімет пен министрліктің назарына ұсынатын мәселелер айқындалды.